Қазақстан азаматы «Сеул қаласының құрметті тұрғыны» атанды
Бұл мәртебені растайтын сертификатты бүгін Оңтүстік Корея астанасының мэрі атынан Кореядағы елшілігіміздің қызметкері Руслан Қайрамбаевқа табыстады. Ол бұл атақты осыдан тура бір жыл бұрын жерасты автотұрағында өртке оранған көлікті сөндіргені үшін алды. Осылайша, Руслан өрт сөндірушілер келгенге дейін оттың таралуының алдын алды.
Сеул қаласының құрметті тұрғыны атағы шетел азаматтарына 1958 жылдан бері беріледі. Бүгінгі күнге дейін бұл мәртебені шамамен мыңға жуық адам иеленген. Атақ иелері Сеулдегі мұражайлар мен көрмелерді тегін тамашалауға, қалалық іс-шараларға қатысуға және Сеул мэриясының комитеттеріне мүше болуға мүмкіндік алады.
38 жастағы Руслан Қайрамбаев – Талғар қаласының тумасы, үш баланың әкесі. Ол Оңтүстік Кореяда бір жылдан астам уақыт бойы тұрып келеді.
Руслан Қайрамбаев, Сеул қаласының құрметті тұрғыны:
- Мен Қазақстаннан келдім. Бұл ел Оңтүстік Кореяға тек географиялық жағынан ғана емес, мәдени және тарихи тұрғыдан да жақын. 2005 жылы Қазақ шет тілдері университетінде корей тілі бойынша алғашқы сабақ алғалы бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Мен корей тілін үйреніп, Оңтүстік Корея туралы білдім. Ал мұндай оқыс жағдайда басқа адамдар да дәл мен секілді әрекет етер еді деп ойлаймын.
Ким Сан Хан, Сеул қаласы әкімінің орынбасары:
- Өткен жылдың желтоқсанында Руслан Қайрамбаев мырза Йонсангу ауданында автокөлік өртенген оқиғаның куәгері болды. Ол оқиға орнына жалғыз жүгіріп барып, өртті сөндіріп, ірі апаттың алдын алды. Шетелде өмір сүру оңай емес екеніне қарамастан қоғамның қамқорлығы мен назарына мұқтаж адамдарға көмек көрсеткен және Сеул қаласының атын әлемге әйгілеген осындай оқиғалар мені терең әсерге бөледі. Бүгінгі күннің басты кейіпкерлері – Сеул қаласының құрметті азаматы атағын иеленген 16 адамды шын жүректен құттықтап, алғыс айтамын.