Дүкендерде вейп ойыншық кейпінде сатылып жүр

Елде вейп сатуға заңды түрде тыйым салынғанына жарты жылға жуық уақыт болды. Алайда үйреншікті әрекетін жалғастырып жүргендер көп. Әккі сатушылар қазір ғаламторға көшіп, өз өнімдерін онлайн сатады. Жаза күшейсе де, заңбұзушылықтың тамырына балта шабу қиынға соғып тұр.

Тиісті заң күшіне енсе де, вейпті емін-еркін сатып отырғандар бар. Мәселен, Абай облысында күніне жарты миллион пайда әкелетін жерасты дүкен анықталды. Жедел топ алдымен курьерді ұстады. 20 жастағы Семей тұрғынының көлігін тексеру кезінде 98 вейп табылған. Сонымен қатар полиция дүкен иесінің үйінде тінту жүргізіп, тағы 258 заңсыз тауарды тәркіледі. Енді күдіктілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

- Интернет ресурстары арқылы ондай да сату орын алып жатыр. Полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Қай жерде, кім сатып жатыр, қалай сатып жатыр деген сияқты. Соның бәрін анықтап, тергеу амалдары аясында адамдарды жауапкершілікке тартып жатыр.

Вейпті сатуға заңды түрде тыйым салынса да, үйреншікті әрекетін жалғастырып жүргендер Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып отыр. Нұргүл Таудың айтуынша, заңсыз тауарлар дүкен сөрелерінде балалар ойыншығы кейпінде де сатылатын көрінеді.

Еске сала кетейік, вейпті сатқан және тұтынған тұлғалар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Оны төлей алмаған жағдайда 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке қамалады. Ал вейпті елге әкеліп, өндіргендерге жаза тіптен қиын. 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе қоғамдық жұмысқа тартылатын уақыты 600 сағатқа дейін ұзартылады. Одан бас тартса, 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Авторлары: Әлішер Әли, Әмір Қайдаров.