Ел есінде қалған ірі әуе апаттары
Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 жолаушылар ұшағы біздің компаниялардың да паркінде бар. Бразилиялық компания шығарған әуе кемесінің қатысуымен оқыс оқиғалар да тіркелген.
Air Astana компаниясының паркінде 5 Embraer 190 әуе кемесі бар. Қазақстан тарихында дәл осы маркалы ұшақтардың қатысуымен екі рет штаттан тыс жағдай тіркелді. 2018 жылы бұл әуе кемесінің басқаруынан кінәрат табылған. Оқыс оқиға Португалия әуе кеңістігінде техникалық рейс барысында болған. Экипаж дереу басқаруды қалпына келтіріп, ұшақты сәтті қондырды.
Тағы бір оқыс оқиға 2013 жылы болды. Бұл жолы Air Astana-ға тиесілі ұшақтың қозғалқышы істен шыққан. Астана – Ақтау бағытында ұшуы керек болған борт апатты жағдайда елорда әуежайына қайта қонды. Екі жағдайда да зардап шеккендер жоқ. Ал мамандар ұшақтың қауіпсіз екенін айтады.
Әбіл Кекілбаев, авиация сарапшысы:
- Бұл әуе кемелері – ең қауіпсіз ұшақтардың бірі. 20 жылдай бұрын ғана пайдалануға берілді. Бұл ұшақтардың қатысуымен болған апаттар да сирек. Сондықтан техникалық қателік кетті деп ойламаймын. Апатқа не себеп болғанын тергеу нәтижесі ғана көрсетеді.
Статистика әуе апаттарының негізгі себебі адами фактор екенін көрсетіп отыр. Ең ірі қайғылы оқиға 1996 жылы болды. Үндістанда қазақстандық Ил-76 ұшағы мен Сауд Арабиясының әуе компаниясына тиесілі Боинг-747 ұшағы соқтығысқан. Нәтижесінде 349 адам қаза тапты. Бұл әлемдегі адам шығыны көп болған әуе апаттарының бірі.
Бұдан бөлек, 2012, 2013 және 2019 жылдары тіркелген ірі апаттар бар. Мәселен, 2012 жылы Ан-72 ұшағы әуежайға жете бергенде апатқа ұшырады. Оған техниканың істен шығуы мен экипаждың қателігі себеп. 27 адам зардап шекті.
Ел есінде қалған ірі апаттардың бірі 2019 жылы болды. Алматы маңында Bek Air компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы көтерілу кезінде апатқа ұшырады. Нәтижесінде 15 адам қаза тапты. Ал әуе компаниясы лицензиясынан айырылды.