JOLTAP жобасы: елордада 7 мың адам жұмысқа тұрды

Елордада былтырдан бері JOLTAP әлеуметтік жобасы іске асырыла бастады. Оның аясында екі қолға бір күрек таппай жүрген астаналықтар 20 жұмысшы және цифрлық мамандықтарды меңгере алады. Бұл қандай жоба? Оған кімдер қатыса алады?

JOLTAP – елордада былтырдан бері жүзеге жатқан әлеуметтік жоба. Мақсат – тұрғындардың табысын арттырып, оларға жаңа кәсіп түрін үйрету. 1,5 жыл ішінде бағдарламаға 36 мыңнан аса адам қатысуға ниет білдіріпті. Соның тек 9 мыңы ғана жоба түлегі атанды. Қысқа уақыт ішінде меңгерген кәсіби дағды арқасында 7 мың қатысушы тұрақты жұмысқа тұрып, 1 мыңы өз кәсібін ашқан.

Ербол Асқар, жоба түлегі:

- Мен осы JOLTAP бағдарламасына келіп, екі апта көлемінде практика-теория өтіп, осы мамандық бойынша жеке шығып, арендаға ғимарат алып, сол бойынша қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмын. Осы JOLTAP бағдарламасы арқылы біраз білімімді арттырдым.

Осылайша, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба қысқа уақыт ішінде тиімділігін көрсетті. Оның аясында 20 жұмысшы және цифрлық мамандықтар оқытылады. Бұл мүмкіндіктер тегін әрі кез келген тұрғынға қолжетімді. «Бастысы білім алуға құштарлық  пен табандылық қажет», – дейді мамандар. Ал оқу үш күннен бір айға дейін созылады.

Ерасыл Ділдәим, JOLTAP жобасының маманы:

- Оқыту осындай сыныптарда өткізіледі. Барлығы жабдықталған және де қала тұрғындары үшін бұл тегін мүмкіндік болып табылады. Оқыту бағдарламасы жергілікті кәсіпорындармен жасалып әзірленген. Адамға «балық берме, қармақ бер» деген қағида бойынша құрастырылған. Қосымша жұмыс іздеу барысын жеңілдету үшін jumystap.kz атты сайтты іске қостық. «Жол тап» жобасы – бұл мемлекет, бизнес, қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жасаған нәтижелі жұмысы.

Әлеуметтік бастама Мемлекет басшысының жалпыға бірдей жұмыспен қамту қағидатын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. «Ол сондай-ақ жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпал етті», – дейді мамандар. Бағдарламаға қатысу үшін joltap.kz сайтында көрсетілген байланыс нөміріне хабарласу қажет.

Авторы: Назерке Тоқжан.