Пиротехниканың заңсыз айналымына қатысты 67 факт тіркелді

Шымкентте заңсыз пиротехникалық өнімдер сатқан 67 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қолында отшашу саудасына рұқсат беретін тиісті құжаттар болмаған. Аймақта жаңа жыл қарсаңында жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр.

Қазір қала аумағындағы барлық сауда орындарында бақылау күшейтілді. Тәртіп сақшылары пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымын жойып, оқыс жағдайларды алын алуға жұмылды.

Рейдтік шарада түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізіледі. Ол үшін полицейлер, прокурорлар мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп, топқа бөлінді. Базарлар мен ашық павильондардың сату лицензиясы мен отшашулардың сертификаты тексеріледі. 10 жылдан бері сауда-саттықпен айналысатын Мейіржан Әбдешовке заңнама талаптары түсіндірілді.

Мейіржан Әбдешов, сатушы:

- Заңды білмей тұрып алдыңғы жылдары сатқанбыз. Карантин басталмай тұрып та. Кейін сұраныс азайды. Одан кейін әкелетіндер бекеттен кешігіп жатқаннан кейін сатуды да доғардық. Базар бойынша жауап бере алмаймын. Білмеймін, біреу тығып сатар, біреу ашық сатар, біреу сіздер айтпақшы лицензиямен сатар. Ол жағын білмейді екенмін.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Аймақта профилактикалық шара басталғалы 67 адамға әкімшілік айыппұл салынып, сертификатталмаған 200 қорап пиротехника тәркіленді. Тексеріс онлайн сауда алаңына да жүргізілді. Нәтижесінде отшашуды сақтау, тасымалдау және сату мен қолдану тәртібі бұзылғаны анықталды.

Асқар Жүзжасаров, Қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Шымкент қаласы бойынша 5 жерде пиротехникалық бұйымдармен айналысуға құқығы бар мекемелер орналасқан. Арнайы рұқсаты бар. Ал қалған жерлерде сатуға тыйым салынады. Бүгінгі таңда пиротехниканы заңсыз сатқаны үшін 67 факт анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар көрілді.

Жаңа жыл мерекесінде медициналық көмекке жүгінетіндер де арта түседі. Осыған орай гипербарикалық оксигенация орталығының жұмысы күшейтіліп, қосымша дәрігерлік кезекшілік құрылды.

Мәдина Ермағанбетова, Қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері:

- Біздегілердің көбі атып болғаннан кейін оны тастап кетеді. Ол одан кейін тағы да адам өтіп бара жатқанда жарылып кетуі мүмкін. Сосын балалар көбінесе бомбаларды өздерінің қалталарына салып жүріп жарады. Одан кейін денесін термиялық күйік шалып жатқан жағдайлар болады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша күшейтілген бақылаудың нәтижесінде пиротехниканың заңсыз айналымы тыйылған. «Былтырмен салыстырғанда қозғалған әкімшілік іс бірнеше есе азайып, сауда орындарына қойылған талап сақталып келе жатыр», - дейді олар. Дегенмен жедел алдын алу шарасы қаңтар айына дейін жалғасады.