Жаңа жыл қарсаңындағы билет тапшылығы қалай шешіледі?
Елде жаңа жылдық мереке қарсаңында әуе рейстері мен пойыздардың саны артады, деп хабарлайды 24KZ. Тек теміржолдың өзімен 43 мың жолаушыны тасымалдау жоспарланып отыр. Билет тапшылығын қалай шешеді? Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар билет таппай, әуре-сарсаңға түседі. Тапқан күннің өзінде қымбат. Күрмеулі мәселені шешу үшін әуе және теміржол компаниялары рейстердің санын ұлғайтатынын алдын ала жариялады.
Виктория Старожилова, әуе компанияның PR және маркетинг бөлімінің басшысы:
- Біз желтоқсан мен алдағы қаңтар айында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында ішкі бағыттар бойынша рейстер санын арттырдық. Сондай-ақ Алматы-Мәскеу бағытына 12 қосымша рейс қосылды.
Қосымша рейстер қосылса да, билет тапшылығы мәселесі шешілмей отыр. Сұраныс көп. Жұрт: «Билет сатып алып үлгермейміз», – дейді.
Аружан:
- Жаз айларында ғана емес, күзде де, қыста да, көктемде де билет тапшы. Бірақ пойызға мінсең, бос вагонды көреміз. Бұл мәселе қалай, қашан, қайтіп шешіледі екен?!
Ерасыл:
- Билеттер бір жарым ай бұрын сатуға шығарылады. Алайда сол сатылымға шыққан бетте билет жоқ, таппаймыз.
Инабат:
- Алдымен билеттер табылмайды. Артынша қосымша рейстер пайда болады. Бірақ бағалары удай. Мәселен, Ақтөбеге баратын ұшаққа билет 120 мың. Мереке күндері қанша адам өз отбасымен қауыша алмайды.
Серік:
- Мен үш апта бұрын Оралға билет алмақшы болдым. Алайда бәрі сатылып кеткен.
Билеттердің бағасы сұранысқа қарай қойылады. Әуе компаниясының өкілі осылай дейді. Әдетте арзан билеттер тез сатылып кетеді.
Виктория Старожилова, әуе компаниясының PR және маркетинг бөлімінің басшысы:
- Мереке күндері сұраныс артатындықтан, арзан тарифтер лезде сатылады. Алайда әуе компаниясының тарифтері 2020 жылдың шілдесінен бастап өзгерген жоқ.
Теміржол билеттерін алу әуе билеттеріне қарағанда оңайырақ. Көлік министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, олардың құнын мемлекет реттейді және мереке күндері тарифтер өзгеріссіз қалады.
Ляззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Қазан айында 20% өсім болды. Енді жаңажылдық мерекелерде өсу болмайды. Тариф өзгеріссіз қалады. Бұрын плацкарттың бағасы қалай болса, қазір де солай болады. Мереке қарсаңында түрлі бағыттар бойынша жүретін қосымша пойыздар іске қосылады. Бұл пойыздар қосымша 43 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.
Тығырықтан шығудың бір жолы: Қазір Алматыға бару үшін Қарағандыға дейін билет тапсаңыз, әрі қарай бару үшін Қарағандыда сол пойыздың ішінен басқа орын табуға болады. Теміржол қызметі осындай жаңашылдық енгізді. Бұл жолаушының діттеген жеріне уақытылы жетуіне мүмкіндік береді.