Петропавлда қызметтік иттердің көмегімен 315 қылмыс әшкерелінді
Былтыр Петропавлда қызметтік иттердің ықпалымен 300-ден аса қылмыс әшкереленді, деп хабарлайды 24KZ. Тәртіп сақшыларының көмекшілері кинологиялық орталықта қызмет етеді. Олар қала тыныштығын күзетіп қоймай, адам өлтіру, есірткі затын тасымалдау, тонау секілді аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу амалдарына қатысады.
Ринат Қаланның осы кинологиялық орталыққа келгеніне бір жыл да болған жоқ. Оның сенімді серігі «Император» атты лабрадор күшігі. Екеуі бір-бірін оңай түсінеді. Қазір ит иесінің айтқан бұйрығын бұлжытпай орындайды.
Ринат Қалан, кинолог:
- Ең бірінші итті таңдағанда өзіңнің мінезіңе сәйкес таңдау керек қой негізі. Соған байланысты қарайсың ғой. Неше түрлі ғой бұлардың мінезі бар ғой. Біреуі ширақ емес болады, біреуі ширақ болады. Басқа адамдардың бұйрығын орындамайды. Тек қана менікін орындап жатыр ғой қазір.
Кинологиялық қызмет орталығында неміс және бельгиялық овчарка, спаниель, лабрадор иттері бар. Иісшіл жануарлар полицейлермен неше түрлі тергеу амалдарына шығады. Қылмыскерлердің ізіне түсіп, жасырынған есірткі заттарын тауып алады.
Самат Төлебаев, ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:
- Мысалы, «Грета» атты иісшіл ит жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бір ай бұрын оның көмегімен Заречный кентінде үй ішіне жасырынған 1 келіден аса есірткі тәркіленді. Бұл аса ірі көлемдегі партия болып саналады.
Солтүстік Қазақстан облысында 47 иісшіл ит қызмет етеді. Былтыр олардың көмегімен 300-ден аса қылмыс әшкереленді. Оның ішінде аса ауыр заңбұзушылықтар да бар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.