Қонаев тұрғыны 35 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп келеді

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 35 жылдан бері қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдап келе жатқан жүргізуші тұрады.

Ол бүгін де таңғы 6-дан бастап медициналық тексерістен өтіп, өзінің үйреншікті жұмысына кірісті. «Бізге кестеден бір минутқа кешігуге болмайды. Өйткені қазір күн суық. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын автобус жүргізушісі үшін жауапкершілік ең басты талаптың бірі», – дейді ол. Алматы облысындағы тілшіміз Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

Айтмұхан Омаров қазіргі Жетісу облысының аумағындағы Жоламан ауылында туып-өскен. Ол «Қапшағай автобус паркіне» 19 жасында жұмысқа орналасты. Міне, содан бері арада 35 жыл зымырап өте шықты. Айтмұхан аға 16 қаңтар күні 63 жасқа толады. Пайғамбар жасына келсе де тәжірибелі жүргізуші өзін әлі жас сезінеді. 

Айтмұхан Омаров, автобус паркінің жүргізушісі:

- Біз халық тасимыз ғой. «Ойбай, мейрам» деп, біз үйде қалмаймыз. Халыққа еңбегімізді сіңдіріп мысалы, ол мейрамға қарамаймыз біз. График болса, уақытқа да қарамаймыз. Ертеңгі сағат 6-дан кешкі сағат 9-дан асқанша біз графигімізді, бәрін жабамыз тыңғылықты, уақытыменен. Жаңа жылдың аты жаңа жыл, жақсылық болсын бәрімізге! Еңбегіміз жүре берсін, заманымыз тыныш болсын!

«Қапшағай» автобус паркінің басшылығы оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды. Өйткені жүргізуші жолаушы тасымалдаумен ғана айналыспайды. Өзіне сеніп тапсырылған қоғамдық көлікті күтіп ұстауға да жауапты. «Автобус бұзыла қалса, Айтмұхан «мынау жүрмей қалды» деп механикке өткізе салмайды. Техниканың тілін өте жақсы түсінетіндіктен өзі жөндеп алады», – деді автобус паркінің басшысы.

Біржан Шымшықов, автобус паркінің басшысы:

- Бір түнде жасап шығып кететін жігіттер моторды. Енді қазір мына Қытайдың автобустары келіп, электронный болған соң кішкене қиындық туады. Бірақ біздің осы жігіттердің көбі, бәрінің білімдері жоғары. Бұл автобуспен халықты тасу өте қиын ғой. Жұмыстан қалып көрген жоқ. Мысалы халықпен де тіл табысады, елмен де тіл табысады. Жаман жағынан көрсетіп көрген жоқ енді.

Роза Әсемова, жолаушы:

- Мына жаңа жылдық мерекенің қарсаңында автобус көліктері уақытында жүр. Жолдарыңыз болсын әрдайым! Көлік жүргізушілеріне де көңіліміз толады. Жылы лебізбен қарсы алып, жылы лебізбен шығарып салады. 

Автобус паркінде табан аудармастан 35 жыл бойы жұмыс істеген Айтмұхан Омаров 17 жасында теңін тауып, шаңырақ көтеріпті. Зайыбы екеуі алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде солардан тараған 8 немересі бар. «Алладан ұрпағымның амандығын және заманымыздың тыныш болуын тілеймін», дейді ол.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов