Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы дрондарын зерттеу және оқыту орталығы ашылды

Алматыда «Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы дрондарын зерттеу және оқыту орталығы» ашылды.

Орталық екі тараптың бірлескен жобасы. Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде орналасқан. Мұнда студенттерге ұшқышсыз технологияны басқару жолдары оқытылады. Сонымен қатар ғылыми зерттеулермен айналысады. Оған екі мемлекеттен IT мамандар тартылды.

Зертханаға әзірге 43 дрон алынды. Ұшқышсыз ұшу аппараты ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауға, картаға түсіруге, топырақ пен өсімдік жағдайын талдауға арналған. Оған қоса топырақты тыңайтады және егін-жайды  зиянкестерден қорғайды. Яғни «ақылды дрон» жұмыс барысын 70 процентке жылдамдатады. Ғалымдар оны «ұшатын фермер» деп атайды. Ал мамандарды екі тарап бірлесіп оқытады.

Пірімқұл Ибрагимов, ҚАЗҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары:

- Бұл процесс былай жүреді. Оқу бағдарламаларына енгіземіз дрондарды. Сол оқу бағдарламасы аясында біздегі мынау агрономия, инженерия, су, орман, кадастр осы мамандықтың студенттері оқу бағдарламасында осы дронды толықтай игереді.

Ауыл шаруашылық дрондары жобасы сәтті жүзеге асатын болса, ескі, ауыр техникалардың орнын басады. Көлемі шағын болғанына қарамастан 60 келіге дейінгі жүкті оңай көтереді. Ұшқышсыз ұшу аппараты тау мен қырды, төбе мен дөңді айналып өтеді. Сол жерге бейімделіп, бағытын өзі таңдайды.

Хой Цзай, компания директоры:

- Бұл дрондар бастысы өсімдіктерді қорғауға арналған. Тәулігіне 200 гектарға дейінгі аумақта жұмыс істей алады және қашықтан басқарылады. Бұл еңбек күшін үнемдеп қана қоймайды, сонымен қатар ауыр техниканы пайдалану кезінде болатын топырақтың зақымдануын азайтады.

Агродрондар орталығы ашылмай тұрып, ауыл шаруашылық университетінің 150 студенті ұшқышсыз ұшу аппаратымен жұмыс істеуді үйрене бастаған. Енді білімдерін одан әрі жетілдіре түспек. Солардың бірі Бауыржан Сапар. Ол өзі де шаруа отбасында туып өскен. Дала жағдайын, диқанның жұмысын жақсы біледі. Сондықтан, дрон фермер атқаратын істі айтарлықтай жеңілдетеді деп есептейді.

Бауыржан Сапар, студент:

- Мысалы мақтаны суарған кезде құрт түсіп етеді. Онда біз трактордарды және дәрі шашатын ауыр техникаларды кіргізе алмаймыз. Біз сондықтан Дронды пайдалана аламыз. Одан кейін трактор жерді обработка жасағанда 6-7 процентін трактор жаншиды. Дрондар ондай.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Қытайдың 40-тан астам жоғары оқу орнымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Биыл олардың қолдауымен агрономия, ветеринария, зооинженерлер, азық-түлік қауіпсіздігінің технологтары, жер кадастры, су мен орман шаруашылығына мамандар дайындайтын халықаралық орталықтар мен зертханалар ашылды. Алдағы уақытта экология, климатология және су ресурстарын басқару бойынша жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев