Өмірде бар, бірақ құжатта жоқ ауылдар

Абай облысында есепте жоқ адамдар, тіпті тұтас бірнеше ауыл бар.

Кіші Ақтөбе, Мұрат кенті мен Жарқын ауылының халқы қазір қай ауданға қарайтындарын білмейді. Құжаттарын әзірлеу үшін Озерки ауылына барса, Жаңа Семей ауданына жөнелтеді. Ал ондағылар тұрғындарды кері қайтарады. Енді жұрт әрі-сәрі күйде қалып отыр. Семейден 15 шақырым жерде отырса да базыналарын кімге айтарын білмеген жұрт жергілікті биліктен көмек сұрайды.

Кіші Ақтөбе кентінің өмірде бар, бірақ құжатта жоқ екенін тұрғындар өткен жылдың маусым айында білген. Наталья Белозерова үйін сатылымға шығарған. Сатып алушымен келісім жасау үшін ХҚКО-ға барып құжат рәсімдемек болыпты. Сол кезде ауылының ешқайда тіркелмегені белгілі болады. Тұрғындар жеті ай бойы жауаптыларға шағымданғанымен еш нәтиже шықпаған. 

Наталья Белозерова, кент тұрғыны:

- Біз бұған дейін Озерки ауылдық округіне қарайтынбыз. Осыған дейін ешқандай мәселе туындаған емес. Енді міне жеті ай бойы қайда барарымызды білмей жүрміз. Бәрі бір біріне сілтейді. Кімнен көмек сұрайтынымызды білмейміз.

Серік Молдақановтың Кіші Ақтөбе кентінде тұрғанына 10 жылға жуықтаған. Оның айтуынша бұрын кент Озерки ауылдық округіне қараған. Осы жазда тұрғындардың еш жерде тіркелмегені анықталыпты. Жарты жылдан бері талай табалдырықты тоздырғандарымен мардымды жауап ала алмаған. 

Серік Молдақанов, кент тұрғыны:

- Біз ешқандай числится етпейміз дейді. Міне көршілердің барлығы машинелерін сата алмай, үйлерін оформить ете алмай жүр. Осындай проблема болып тұр. Біз ешқайда числится етпейміз. Ешқайда жоқпыз. Воздухта ілініп тұрған сияқты. 

Наталья Акимова, кент тұрғыны:

- Белгілі бір қызмет түрін алу үшін, тұрғылықты жерімізден анықтама апаруымыз керек. ХҚКО на барсақ қате шығады. Мысалы мен Павлодар облысында тіркелген екенмін. Бұл қалай болғанын түсінбедік. Қазір осы қателіктің зардабын барлық тұрғындар тартып отыр.

Шамамен бір жыл бұрын Жаңа Семей ауданы құрылып, Озерки ауылдық округі жаңа ауданның құрамына кірді. Бірақ оған қарайтын Кіші Ақтөбе, Мұрат және Жарқын ауылдары тіркелмей қалған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Абай облыстық филиалы қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне хат жолдаған. Енді жауаптылар тиісті жұмысты жүргіземіз деп отыр. 

Ерлан Мекетаев, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- НАО дан хат келіп түсті бізге. Жарқын, Малаяактобе және мұрат аудандарының Семей қаласына ма әлде Жаңасемей ауданы жататыны туралы хат келіп түсті. Біз бүгінгі күні жауап береміз Семей қаласының аумағында орналасатыны туралы. Әрі қарай НАО өз құызреті шегінде базаны өзгертуге тиісті шаралар қолданатын болады.

Қала әкімдігі аталған мәселеден бейхабар болды. Семей қаласының бас жоспарына сәйкес аталған үш ауыл да Семей қаласына қарасты болып шықты. Енді құжаттарды рәсімдеу үшін жергілікті әкімдік пен ХҚКО-ы бірлесіп жұмыс жүргіземіз деді. Бірақ оның қанша уақытқа созылатынын дөп басып айта алмады.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов