Жайық өзенінде қауіпсіздік шарасы күшейтілді

Атырау облыстық төтенше жағдайлар қызметі Жайық өзені үстінде бақылауды күшейтті, деп хабарлайды 24kz.

Биыл өңірде қыс кеш түскендіктен мұз жұқа, кей жерлерде қатпаған. Соған қарамастан әуесқой балықшылар мен жаяу жүргіншілер мұз бетіне шығуды қояр емес. Былтыр облыста 4 оқыс оқиға тіркеліп, 1 адам көлігімен суға батып кетті. Алайда қорғануды қаперінен шығарғандар үшін ол да сабақ болар емес.

Арыстанбе Кенже, тілші:

- Жайық өзені үстінде қаптай отырған мына әуесқой балықшылар төтеншеліктердің ескертуіне қарамастан жылдағы кәсібін жалғастыруда Солардың бірі – Александр Чертихин кәнігі әуесқой балықшы. Бұл жолы   қармағы қанды болғанға ұқсайды. Өзенде мұз жұқа, 10-15 смден аспайды. Тіпті, кей аумақта мүлде қатпаған. Соған қарамастан балық аулаудың қызығына кенелгендерге тоқтау жоқ.

Александр Чертихин, әуесқой балықшы:

- Балық аз. Мөңке, табан шығып жатыр. 2 күн болды жұмыстан бос уақытымда келіп жүрмін. Ермегім осы. Жайықтың жағасында отырып, балық ауламай отыра алмаймыз ғой. Бірақ биыл аяз жоқ, мұз жұқа болып тұр. Сондықтан барлық қауіпсіздікті сақтауға тырысамыз.

Биыл Атырау өңіріне қыс кештеу келді. Өзен беті әлі толық бекіген жоқ. Әсіресе, көпір маңайлары мен айналма иіндер ұстаспаған. Бірақ оны елеп жатқан балықшылар байқалмайды. Сол себепті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 30-дан астам қызметкері күні-түні мұз үстінде. Олар қауіпсіздік құралдарын тексеріп, тиісті ескертулер беруде.

Ардақ Өтенов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Мұздың қалыңдығы 25 см-ге жетпеген жағдайда өздерімен бірге құтқару құралдарын алып жүру: ол құтқару кеудешесі, ысқырық, ұзындығы 12 метрді құрайтын жіп және де су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефон. Қараңғы уақытта мүлде мұз үстіне шығуға болмайды. Ол барлығына балықшыларға да, жаяу жүргіншілерге де қатысты.

Арыстанбе Кенже, тілші:

- Жайық өзені бойында осындай мұзы жұқа немесе мүлде қатпайтын 10-15 учаске бар. Мамандар осы жерлерді үнемі бақылауда ұстайды. Өкініштісі сол, былтыр 27 қаңтарда осындай теріс ағынға екі жігіт автокөлікпен түсіп кетіпті.

Жайық өзенінде қысқы балық аулау маусымының басталғанына 10 күндей уақыт өтті. Әзірге оқыс оқиға тіркелмепті. Сондықтан төтеншеліктер мамандары балықшыларға ескерту берумен шектеліп жүр. От пен су тілсіз жау десек, сақтанғанның әсте артықтығы жоқ. Тек соны жадымызда ұстамайтынымыз, қайғылы жағдайларға соқтырып жатады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин