Петропавлда жаңадан салынған бөгет жарамсыз болып қалды

Петропавлда жаңадан салынған бөгет көктем басталмай жатып жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды 24kz.

Қала шетіндегі Былғары зауыт шағынауданын тасқын судан қорғайтын топырақ үйіндісі тура орта тұсынан тілініп түскен. Қазір осыған байланысты комиссия құрылып, сараптама тағайындалды. Оның құрамына кімдер кіреді? Бөгеттің бұзылған бөлігі қашан қалпына келтіріледі?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл бейнежазбаны жергілікті тұрғындардың бірі түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Петропавлдағы Былғары зауыт шағын ауданында салынып жатқан жаңа бөгетте осындай жарықтар пайда болды. Көктемгі тасқыннан кейін есін енді жиған жұрт тағы да сары уайымға салынды.

Елена Мулинцева, қала тұрғыны:

- Жаңа бөгет шатынап жатса, көктемде тағы суға кетуіміз мүмкін. Сергеев су қоймасы толып тұр. Содан қауіптеніп отырмыз. Мысалы маған әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарының өтемақысы берілген жоқ. Құжаттарымды қарашада тапсырғам. Ақшасын әлі алмадым.

Былтыр көктемде Былғары зауыт шағын ауданында 360 үйді су басқан еді. Оның тең жартысы апатты деп танылып бұзылды. Ал, күзде жаңа бөгеттің құрылысы басталды. Бірақ қыс өтпей жатып сапасы сыр берді. Мамандар оны топырақ қабатының отыруымен байланыстырады.

Виталий Петренов, медрігер ұйымның өкілі:

- Қазір топырақты қайта қазып алып, инерттік материал әкеліп төсейміз. Сонымен қатар бөгеттің оң жағы кеңейтіледі. Енді техникалық қадағалау және жобалау институты мамандары сараптама жасап, қосымша нұсқаулар беруі тиіс.

Былғары зауыт шағын ауданындағы бөгеттің жалпы ұзындығы – 4 шақырым. Биіктігі – 7,5, ал ені – 3 метр. Оның құрлысына демеушілермен 2,5 млрд теңге бөлінген. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Қазір болған жағдайға қатысты комиссия құрылды.

Сергей Мелехов, қала әкімінің орынбасары:

- Комиссия құрамына төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, мердігер ұйым, жобалаушы, техникалық қадағалау және қалалық әкімдік өкілдері кіреді. Олар мән-жайды толық тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын анықтайды.

Қазір бөгеттің жарылған жерлері қайта бұзылып жатыр. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан кейін 32 шақырым топырақ үйіндісі салынды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхмбетұлы, Қуаныш Қазбеков