Арал ауданы маңында киік көбейіп, жайылымды таптап жатыр
Қызылорда облысының Арал ауданы аумағында ақбөкен көбейіп кетті, деп хабарлайды 24kz.
Жайылымды таптап, мал жейтін шөп қалмай барады. Абай және Сазды ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Ен далада еркін жүрген жануар ауыл ішіне де кіре бастаған.
«Құмшауыт аймақта ағын су жоқ, егін егілмейді. Тұрғындардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығымен байланысты. Кейбір шаруашылықтар төрт түліктің басын көбейту үшін мемлекеттен қаржылай қолдау алған. Алайда киіктің көбеюі кәсібімізге кедергі келтіріп тұр», - дейді шаруалар. Ақбөкеннің көптігін мына бейнежазбадан байқауға болады. Үйірімен көлікке де, адамға да қарамай, өрісте емін еркін жайылып жүр. Ресми мәліметке сәйкес, Бетпақдала популяциясында 2024 жылғы санақ бойынша 1 млн 150 мың бас киік бар. Қызылорда облысының орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жабайы жануарлардың қыс мезгілінде оңтүстікке өтуі қалыпты жағдай деп отыр.
Қарасақал Бердәлиев, Абай ауылының тұрғыны:
- Егін екпейді бұлар, 5-10 малмен отырған адам тек, тіршілік етіп. Соны ел болып, халық болып, жоғарғы орындар болсын, жағдайды жаса дейміз ғой, осы халыққа. Шектеуін шектей ме?
Марат Нұрмағанбетов, облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Күннің суытуына байланысты қозғалыста болады, киік жануары. Соған байланысты қыстың күндері жылы жақа қарай ауады. Көктем шыға бере кейін қайтады. Бұл жерде киік тұрақтап қалмайды. Азық болмай қалады деп айта алмаймыз. Себебі ол жерде көктем шыға бере кейін кететін киіктер ғой. Шөп көктемде өседі. Ол жақта шаруа қожалықтарының жері жоқ. Негізгі популяциясында, өтетін жерінде.