Қызылорда облысында былтыр 11 ауылға газ берілді

Былтыр Қызылорда облысында 11 ауыл табиғи газға қосылды.

Бүгінде өңір тұрғындарының 78 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Газдандыру жұмыстары жалағасыды ма? Мамандар түзген жоспар қандай?

Қызылорда қаласының іргесіндегі Баймұрат Батыр ауылына бірер ай бұрын ғана газ келді. Осы елді мекенде 40 жылдан бері тұратын Шырынкүл Ізтлеуова көмір тасудың бейнеті аз болмағанын айтады. Отын үнемдеу үшін күніне бір-екі рет қана пеш жағады екен. Газ қосылғаннан кейін, бұл қиындықтар артта қалды. 

Шырынкүл Ізтлеуова, Баймұрат батыр ауылының тұрғыны:

- Пеш жаққан кезде бірде қоңыр салқын болады, бірде жылы болады. Азаннан кешке дейін жаға бермейсің ғой. Бір мезгіл жаққасын, салқын болып тұратын. Қазір бірқалыпты температурада тұр үйміз.

Арал ауданына қарасты Сексеуіл кенті үшін Жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталды. 12 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға табиғи газ қосылды. Олар көгілдір отынға ең бірінші қазақтың ұлттық тағамы - бауырсақ пісірді. 

Дәметкен Аяғанова, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Осы бүгін міне алғашқы нанын пісіріп жатырмын табиғи газымызға. Өте жақсы, керемет, үйіміз жып-жылы. Екі этажды үйімізді жылытып тұр. Бала-шаға жеңіл киіммен жүгіріп жүр.

Былтыр өңірде ауылдарды газдандыру үшін құны 30 миллиард теңге болатын бірнеше жоба жүзеге асып, 11 елді мекен табиғи газға қосылды. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетті,-дейді мамандар. 

Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұдан қосымша қазір 9 елді мекенді газдандыруға байланысты 8,2 миллиард теңгеге жобалар әзірленді. Алдағы бюджетті нақтылау барысында осы мәселені талқылап, қосымша қаржы аламыз деп жоспарлап отырмыз. Әр елді мекенді газға қосқаннан кейін, әрі қарай қасындағы басқа елді мекендероді газға қосу жұмыстары қарқынды жүретін болады. Әрине бұл біріншіден қаржыға байланысты. Сондықтан біз бұны тоқтатпай, жұмысын тек қана жандандырамыз. 

Қызылорда облысында салынып жатқан  жылу-электр орталығы да газбен жұмыс істейді. Жаңа станция «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырына қосылады. Мамандар бұл жоба аймақ экономикасына оң әсер етеді деп санайды.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев