БҚО-дағы «Сырым» өткізу бекеті әзірге жабылмайтын болды

Бұдан бұрын Көлік министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінің 1 ақпаннан бастап 16 айға жабылатынын хабарлаған. Бірақ жөндеу жұмыстары күн райы жылығанда басталатыны белгілі болды. Себебі тендер жеңімпазы мен өзге де қатысушылардың арасындағы дау-дамайға нүкте қойылмаған. Бұл туралы өңірлік «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Келешекте өткізу бекеті 12 жолақты болады. Қажетті әкімшілік ғимараттар салынып, заманауи тексеру жабдықтары орнатылады. Оған 21 миллиард теңге жұмсалады. Қазір жаңғырту және реконструкциялау үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Құрылыс басталғанда өткізу пункттері әрі қарай жұмыс істей береді. Бірақ белгілі шектеулер болады. Ал кәсіпкерлер бекеттің толық жабылуы Ресеймен алыс-берісті қиындатып, елдің транзиттік әлеуетін кеміте ме деп алаңдайды. Былтыр Ресейден Қазақстанға 606 мың көлік кірсе, соның 245 мыңы Орал өңіріндегі 6 өткізу бекеті арқылы енген. Ал біз жақтан шекара сызығын қиған 260 мың көлік осы аймақ арқылы аттанған. Соның 90%-і «Сырым» бекеті арқылы өтті.

Тұрарбек Тілемісов, өңірлік кәсіпкерлер палатасының комитет төрағасы:

- Осы бойынша хат жазып жатырмыз. Ұсынысымыз жапқанда да, жартысын ашып қоюға. 12 жолақ жасайтын болса, алты өтетін бекетін істегенше алтауымен өте берсін жартысы. Мына жақты ашып қоятын, солай келісімшарт жасау керек. Әйтпесе қиын болатын сияқты. Мына ертең жаз келе жатыр. Жүк тасқыны көбейеді. Құрылыс жұмыстары басталады. Битум тасиды. Тағы да басқа заттар тасиды.