Шымкенттегі жалғыз қоқыс полигоны жұмысынан былық шықты

Шымкенттегі жалғыз қоқыс полигоны жұмысынан тағы да былық шықты. Бұл жолы Антикор қызметкерлері қатты тұрмыстық қалдықтардың сұрыпталуынан өрескел заңбұзушылықтар тапты.

Атап айтқанда, алаң аумағында келіп-кетіп жүрген көліктерді тіркеу құралы жоқ. Ең сорақасы, инвестициялық жоба аясында 1,3 млрд теңгеге салынған қоқыс өңдеу зауыты ашылғаннан кейін бірден жабылып қалған.

Айта кетейік, бұл полигон 2023 жылы талай даудан кейін мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Ол кезде 42 гектар болатын жер телімі, 16 бірлік жүк көлігі мен басқа да мүліктің небәрі 2 млн теңгеге сатылып кеткені белгілі болды. Ал олардың нарықтағы құны жарты миллиард теңгеге бағаланған. Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі алаңның да мемлекетке дұрыс қайтарылмағанын анықтап отыр. Құжаттар әлі күнге дейін толық рәсімделіп бітпеген.

Жандос Бекасанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- Полигон формальді түрде мемлекеттік меншікке қайтарылған. Алайда талдау көрсеткендей, полигонның жерлері және 42 гектарлық басқа учаскелері екі жыл ішінде ресми түрде тіркелмеген және заңды түрде бұрынғы иесіне тиесілі.