Отбасын ойрандағандар ойлана ма?

Елде тұрмыста зорлық көргені үшін полицияға шағымданатын әйелдер көбейді, дейді мамандар. 

Былтыр Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылық 65 пайызға өскен.

Дегенмен, баламның бақыты басымның амандығынан артық деген көп әйел ерінің езгісіне әлі де ерексіз көніп келеді. Жуан жұдырықтылардан жәбір көрген жәудір көздер де аз емес. Ең қиыны бұл көнбістіктің арты кісі өлімімен аяқталып та жатады. 

Бұл бас қаладағы уақытша ұстау изоляторы. Ал бет-жүзін жасыруды өтінген мына жандар жанұясында жанжал шығарып, отбасын ойрандағандар. Қазір мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар 27 жан қамауда отыр. 

Әкелер одағының өкілі Бекдайыр Күзембай мұнда күнара келеді. Жұмысы жанұясына жұдырық ала жөнелетін жандарға түсіндірме жүргізу. Ол тентекті тезге, тентірегенді жөнге салудың бір жолы тәрбиелеу дейді. 

Бекдайыр Күзембай, "Әкелер одағы" РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы:

- Оқшаулау изоляторына келдік. Бұл жерде қамауға отырған әкелермен сұхбат жүргіздік.Оларға істеп жатқан қылмыстарының дұрыс емес екенін, саналарын оятып, оның қаншалықты  жауапкершілігі жоғары екенін қылмысқа оның статьясы бар екенін түсіндірдік. Осындай рейдтерді, осындай кездесулерді жылына әр апта сайын өткізіп тұрамыз.

Иә, тұрмыстық тіршілікте түсінісе алмай, тығырыққа тірілген отбасылар көбейді. Мәселен, былтыр бас қалада 87 тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысы тіркелді. Салдарынан кісі қолынан қаза тапқандар да бар.

Гүлмира Шрахметова, Астана қаласы полиция департаменті отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы:

- Тіркелген қылмыстардың 30 пайызы ол денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы. Одан кейін денсаулыққа қасақана орташа деңгейдегі зиян келтіру бабы, осы қылмыстардың 25 пайызын алады. Қалған пайыздық мөлшерлемені басқа қылмыстар бар. Оның ішінде қорқыту, азаптау бабы бар. Кісі өліміне әкелген жайттар бар. 

Әйеліне әңгір таяқ ойнатып әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар. Былтыр 9 мыңнан аса астаналық жанұясында жанжал шығарып, тыныштықты бұзған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп.

Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы