Алдағы күндері 40 градусқа дейін аяз болады
Еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде ақтүтек боран басылып, енді аяз келді.
Елордалықтар температураның төмендегенін таңертеңнен сезіне бастады. Қазгидрометтің жетекші инженер-синоптигі Мақпал Ботаева ертеңнен бастап әсіресе орталық Қазақстан - Сарыарқа төсінде сарышұнақ аяз басталатынын хабарлады. 24 қаңтарда Ақмола, Павлодар облыстарында 30-35 градус шамасында, ал Ұлытау, Қарағанды өңірлерінде 30-38 градусқа дейін аяз күтіледі. 25 қаңтарда Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі уақытта шытымыр аяз минус 40 градусқа дейін күшейеді. Сондай-ақ алдағы үш тәулікте шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірде қар жауады. Тіпті кей уақытта қар қалың жаууы мүмкін. Еліміздің басым бөлігінде екпінді жел, көктайғақ, тұман болжанып отыр.