Ақтөбеде спорт мектебінің мұз айдыны еріп кетті

Қысқы спорт түрлерімен айналысатын ақтөбелік оқушылар жаттығу жасайтын орын таппай әлек, деп хабарлайды 24kz.

Облыс орталығындағы жалғыз арнаулы мектептің мұз айдыны еріп кеткен. Ата-аналар болса, мұндай жағдайдың жылда қайталанатынын алға тартады. Маусым ортасында спорт нысаны неліктен қаңырап тұр?

Мансұр Есқожин, тілші:

- Бұл мұз айдынында 300-ден астам бала коньки тебеді. Жас спортшылар хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйренеді. Бірақ олар соңғы аптада мұз бетіне шықпай жүр.

Ангелина Березюк, оқушы:

- Қазір жаттығу залында дене шынықтыру жасаумен шектеліп жүрміз. Себебі мұз жоқ. Мәнерлеп сырғанау спортын қатты ұнатамын. Хоккей де ойнаймын. Мұз айдыны тағы да жарамсыз боп қалғанын көргенде көңілім түсіп кетті.

Ата-аналар мен оқушылар мұндай жағдай жылда қайталанады деп отыр. Былтыр мұз айдынның компрессоры істен шығып, балалар сәуір айына дейін жаттыға алмаған. Сол себепті ел біріншілігінде өнер көрсеткен спортшылардың нәтижесі төмендеп кетті.

Гүлсима Бекеғұлова, қала тұрғыны:

- Қостанай, Ақтау, Орал қаласының фигуристерінің деңгейін көрдік те, мен кәдімгідей жыларман болып келдім. Себебі ең соңғы орындарды алып келді. Бізде қыстай мұз болмайды, сынып қалады. Үш айлап демалады. Мұзымызды жасап берсе, сол бізге, біздің ешқандай басқа талабымыз жоқ. Біздің балалардың басқа қалалар балаларынан ешқандай кемшілігі жоқ.

Алтынай Танбаева, облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті:

- Кеше 2017-2018 жылғы хоккейші балалар далада жаттығу өткізді. Жеке кәсіпкер құйған мұз айдынын ата-аналардың өздері жалдады. Себебі жас спортшылар жаттығудан қол үзбеуі тиіс.

Бұл жолы мұз айдынындағы жылу алмастырғыш құралы істен шыққан. Оны жөндеуге кемінде 8 млн теңге қажет. Облыстық спорт басқармасы демеуші іздеудің қамымен жүр. Себебі бюджет есебінен жаңарту үшін мемлекеттік тапсырысты рәсімдеуге кемінде екі ай уақыт кетеді. Әзірге балаларды жеке мұз айдынына орналастыру жолы қарастырылып жатыр.

Шыңғыс Шоқпытов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а.:

- Мұз айдынының басшылығы енді ақылы өткіземіз деп жатыр. Тағы бір сөйлесіп көреміз. Егер де бұған келіспей жатса, онда ақысын төлеп жаттығу жасататын боламыз.

Соңғы кезде өңірдегі ауа райы хоккей мен мәнерлеп сырғанау үшін сапалы мұз құюға қолайлы болған жоқ. Алдағы күндері аяз орнаса, спорт мектебінің басшылығы аулада мұз айдынын құймақшы. Әзірге балалар далада жекеменшік мұз айдындарында жаттығуға мәжбүр. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов