ШҚО-да бір мезетте 200 адам коньки тебетін мұз айдыны ашылды

Шығыс Қазақстандағы Сібе көлдері жыл он екі ай демалуға болатын туристік орынға айналды, деп хабарлайды 24KZ. Онда үлкен табиғи мұз айдыны ашылып, ел игілігіне берілді. Тау табанындағы бес көлден тұратын Сібе облыс орталығынан аса алыс емес. Сондықтан әдемі табиғат мүйісі тұрғындар мен туристердің назарын бірден аударады. Қазір апта сайын түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мәнерлеп сырғанау шеберлері де өнер көрсетіп жүр.

София Мұхамедқайырова 11 жылдан бері мәнерлеп сырғанаумен шұғылданып келеді. Ел чемпионатының қола жүлдегері осындай табиғи мұз айдынына алғаш рет шығыпты. «Маңайдағы көрініс шығармашылығыма шабыт берді», – дейді ол.

София Мұхамедқайырова, мәнерлеп сырғанаушы:

- Мына жерде атмосфера деген керемет. Осындай табиғат ортасында сырғанау көңіліме ерекше шабыт сыйлайды. Енді жиі келуге тырысам. Өзіме қатты ұнады.

Тылсым табиғат расымен де жанға тыныштық, санаға сабыр сыйлайды. Әдетте Сібенің сұлулығын тамашалау үшін жұрт мұнда тек жазда ғана келетін. Ал енді қысқы туризмнің дамуы тұрғындарды ерекше қуантты.

Елена Березинская-Абилова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Сібе көлдеріне келгенді өте жақсы көремін. Бірақ үнемі жазда ғана келіп, қысқы көркін байқамаған екенмін. Бізге де қала қонақтарына да айырықша көңіл күй сыйлады. Коньки ғана емес, шаңғы тебуге, атқа мініп серуендеуге де болады.

Бұл жақтың туристік мүмкіндігін алғаш байқағандардың бірі – әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып. Сондықтан Моңғолиядан Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдағанда дәл осы Сібе көлдерінің маңайындағы Бозанбай ауылына таңдапты. Қазір шетелдік қонақтарға жол көрсетіп жүр.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Бұл кісілерге негізі қазақ мәдениетімен танысу, салт-дәстүрмен танысу өте қызық. Сонымен қатар бізбен бірге аңға шығып жатыр, бүркіт ұстап, солары өте қызық қыста енді. Жазда біздің киіз үйімізге кіргізіп, сондай шетелдіктерге көрсетіп жатырмыз қонақжайлығымызды.

Максим Пави, турист:

- Біз Қазақстанда үш ай боламыз деп шештік. Керемет, әдемі жерлер көп екен. Бүгінгі мұз айдынындағы көрсетілім тіпті таңғалдырды.

Мұз айдынында бір мезетте 200 адам коньки тебе алады. Ашылған күннен бері бұл жаққа 600-ден аса адам келіп кеткен. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.