Абай облысында оқушы мыңға жуық асық жинаған

Абай облысы Ақсуат ауданында 7-сынып оқушысы мыңға жуық асық жинаған.

Амантай Нұраян үш жыл ішінде қойдың, тоқтының және ешкінің 902 асығын жинаған. Енді бұл санды 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Қожагелді батыр атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Нұраянға асық атуды ағасы үйреткен. Үш жыл бұрын ұлттық ойынға қызығушылығы артып, асық жинай бастаған. Қолы қалт ете қалса достарымен асық ойнап, сақа жасағанды жақсы көреді.

Нұраян Амантай, оқушы:

- Бұл жерде біз жүгіреміз, секіреміз, көздейміз, атамыз. Ұтамыз, кейде ұтыламыз. Ойын болған соң бәсекеге түсеміз. Ағам маған сегіз жасымда асық ойнауды үйретті. Сосын мен өзіме ұнаған асықтарды жинап бастадым. Содан үш жылдың ішінде тоғыз жүз екі асық жинадым.

Нұраян Амантай көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Әкесі мектеп интернатта жұмыс істейді, ал анасы «күміс алқа» иегері. Нұраян мектепте озат оқушы, үлгілі бала. Оның асық атуға қызығушылығын алғаш болып сынып жетекшісі байқаған екен.

Айгүл Омарова, сынып жетекшісі:

- Бесінші сыныптан бастап байқап келемін. Үзілісте достарымен, сыныптастарымен асық ойнауға осы асық туралы әңгімелескенді ұнатады. Қазірг таңда балалар гаджеттерге тәуелді болып отырғой. Қимыл-қозғалыссыз денсаулықтарына зиян келтіреді. Осы ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп отырғанын мен бағалаймын.

Қазір мектеп оқушылары үзіліс сайын дәлізге шығып ұлттық ойындарды ойнайды. Бірі асық атса басқалары қазақ хандығы деп аталатын ойынға құмартқан. Нұраянға қарап бой түзеген жастар көп. Мәселен сыныптасы Мансұр Болат та қазір асық жинай бастаған. Бүгінде 100-ден астам асығы бар.

Мансұр Болат, оқушы:

- Менің де хоббиім асық жинау. Қазіргі таңда жүзден астам асығым бар. Мен ол асықтарды екі-үш ай бойы жинадым. Нұраян екеуміз спортта да мектепте де бірге жүреміз. Мен оны жақын досым деп санаймын. Ол талапты және еңбекті бала.

Нұраян асық ойнаумен қатар спортпен де айналысады. Бүгінде бокстан жасөспірімдер арасында аудандық жарыстарда топ жарып жүр. Болашақта құқық қорғау саласында жұмыс істеуді армандайды.

Рүстем Қайратұлы тілші:

- Ұлттық ойындар – жастарды батырлыққа, батылдыққа баулып, ептілігі мен мергендігін шыңдайды. Асық жинауды хоббиіне айналдырған Нұраян ұлттық құндылықтарды құрметтеуде көпке үлгі болып жүр. Оқушы асықтарының санын мыңға жеткізуді мақсат еткен.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов