Ұлытау облысының архивіндегі техника тозып тұр
Ұлытау облысының мемлекеттік архивіндегі құрал-жабдықтар толықтай жаңартуды қажет етіп тұр, деп хабарлайды 24KZ. Себебі қолданыстағы техниканың тозығы жетіп, әупірімдеп әрең істейді. Жыл сайын мәліметтер қоры толығып отыратын мекеме ғимараты да кейінгі кезде тарлық ете бастаған.
Ұлытау облысындағы мемлекеттік архивте 360 мыңнан аса құжат сақталған. Фото, бейнежазба мен үлбіреген қағаздардың арасында тарихи маңызға ие материалдар бар. Мамандар оларды ескі техникамен сканерлейді.
Фатима Жақсыбекова, облыстық мемлекеттік архив басшысының міндетін атқарушы:
-362 мыңнан астам құжаттың ішінде тек 500 мың парақ сандық форматқа көшірілді. Яғни цифрландырылды. Ол жұмыс жалғасын табады. Құжаттарды жұмысын жеделдету үшін лицензиясы бар бағдарлама қажет. Сол арқылы барлығына қолжетімді болу үшін Е архив бағдарламасына енгізуіміз қажет.
Архив қызметкерлерінің жұмысына арнайы сканер мен заманауи компьютердің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Көне құжаттар мен тарихи деректер сақталатын мекемедегі көкейкесті мәселе бұл ғана емес.
Мағжан Табылдин, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күні кадр мәселесі де – архив саласында өзекті мәселенің бірі. Ол бойынша бірінші кезекте жалақының аздығы дейді. Шынымен бұнымен мен келісемін. Бірақта бұл архив саласындағы мамандар негізінен тарихшылар. Олар бізде аз, сондықтан оларды тарту қиынға соғады.
Салаға жауаптылар: «Мекеменің құрал-жабдықтары биыл жаңартылады, сол кезде көне құжаттарды сандық жүйеге көшіру ісі қарқын алады», – деп сендірді. Ал ғимаратты кеңейту үшін жоба жасалып, жаңасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев.