Әмірліктегі жарыста «Сардар» командасы алтын жүлде еншіледі

Мемлекеттік күзет қызметінің «Сардар» арнайы жасағы Дубайда өтіп жатқан «SWAT Challenge» халықаралық жарысында ел қоржынына тағы алтын жүлде салды. Әлем біріншілігінің екінші күні де отандастарымыз үшін олжалы болды.

Сардарлар құрамасы шартты түрде лаңкестер қолына өткен нысанға шабуыл жасап, кепілге алынғандарды дер кезінде босатты. Арнайы операция бас-аяғы 1 минут аралығында орындалуы шарт еді. Біздің жігіттер осы көрсеткішті межелі уақытқа жеткізбей, жылдамдық танытты. Қорытынды нәтиже: 53 секунд.

Жарыс күнінің соңында «Сардар» құрамасына алтын медаль мен 5 мың доллар қаржылай сыйақы табысталды. Айта кеткен жөн, бұл сында екінші орын да қазақстандық «Арыстан» арнайы жасағына бұйырды.