Биыл Жамбыл облысында 4 жайлы мектеп салынады
Жамбыл облысында биыл 4 жайлы мектеп қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Бұл аймақтағы 3 ауысымды мектептердің мәселесін толықтай шешпек. Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынады. Ол өңірдің білім саласына қалай әсер етеді?
Былтыр аймақта 3 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі Байзақ ауданында, екеуі Тараз қаласында ашылды. Солардың бірі – Ұлы дала шағын ауданындағы №67 ағарту ошағы. 6 млрд-тан астам теңгеге салынған мектепте 57 оқу кабинеті, лингафон- робототехника сыныптары мен 4 шеберхана және зертханасы бар.
Мұрат Тұрысбек, №67 орта мектебінің директоры:
- Екі спорт залымыз бар. Үлкен спорт залдың өзі 800 шаршы метр. Үлкен акт залы орналасқан. 256 оқушыға арналған. Және де асханамыз 344 оқушыға арналған. Кітапханамыздың өзі де жаңа типте жабдықталған. Және де би залымыз бар. Оқушылардың сапалы білім алуымен қатар қосымша кружоктармен айналысуына толық мүмкіндіктер жасалынған.
Шағын ауданда бұған дейін жалғыз мектеп болған. Ондағы орын тапшылығы шешіліп, жаңа заманауи мектепке 700-ге жуық оқушы қабылданды. Оқушылары қазірдің өзінде жетістікке жетіп жатыр.
Әли Әбдіғаппар, оқушы:
- Мен осы мектепке көшпей тұрып басқа мектепте бұндай робот және де осындай үйірмелерге қатыспағам. Осы жайлы мектепке көшу арқасында мен осы үйірмелерге қатыстым, жарыстан жақсы орындар алдым. Бір жарым ай ішінде мен жарысқа дайындалдым. Және де осы жарыстан жақсы орын алдым, республикаға жолдама алдым.
Жайлы мектептер 3 ауысымдылық мәселесін де шешіп отыр. Мысалы «Бәйтерек» шағын ауданындағы №3 лицейде бұған дейін 3 мың оқушы білім алған. Балалардың кейбірі көрші тұрғын үй алабына қатынауға мәжбүр болды. Жаңа ашылған білім ордасы, бұл мәселенің бәрін шешті. Биыл қолданысқа берілтін ағарту ошақтары да 3 ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі жоймақ.
Айдын Досыбаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда облысымызда бір мектеп 3 ауысымда жұмыс жасауда. Ол Қордай ауданында Қарасу ауылында орналасқан №7 орта мектебі. Биылғы жылы жайлы мектептің есебінен аталған мектептегі 3 ауысымдылықтың мәселесі жойылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы аймақта 12 «Жайлы мектеп» салу жоспарланған. Бүгінге дейін 3-еуі пайдалануға берілсе, биыл тағы 4-еуінің құрылысы аяқталмақ. Қалған 5 мектеп республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай алдағы жылдары ашылады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә