«Ақтау теңіз портын» тереңдету жұмыстары басталады

Себебі соңғы үш жылда Каспий теңізінің деңгейі күрт төмендеп, теңіз айлағының қызметіне кері әсер еткен, деп хабарлайды 24kz.

Танкерлік флот, құрғақ жүк тасымалдаушы және контейнерлік кемелер толық жүктеме ала алмай отыр. Ауқымды жоба 3 кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңге Көлік министрлігі 21 млрд теңге бөлді. Тереңдету жұмыстары тек порт маңында ғана емес, айлақ жағында да жүргізіледі. Мәселен, кейбірінің түбін 1,5 метрге дейін тереңдету көзделіп отыр. Биылғы меже – теңіз астынан 1 млн 300 мың текше метр топырақты сыртқа шығару. Қазір мердігер анықталып жатыр.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Барлық жұмыстар аяқталғаннан соң кемелер толық жүктеліп, еркін қозғала алады. Алдағы кезеңдердің жүзеге асырылуы Каспий теңізі деңгейінің өзгеруіне байланысты болады. Егер қазіргідей болса, 3-4 жылдан кейін екінші кезеңді жүзеге асыру қажет болады.