ШҚО-да Алтай қаласының әкімі сайланады
Жақында Алтай қаласының әкімі сайланады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір дайындық жүріп жатыр. Аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің мәліметінше, қала әкімдігінен үш кандидат үмітті. Тұрғындар кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен танысып жатыр. Биылдан бастап елімізде аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімін халық сайлайды. Мемлекет басшысы бұл саяси жүйені реформалаудағы кезекті маңызды қадам екенін атап өтті.
16 ақпанда Алтай қаласының тұрғындары алғаш рет әкім сайлайды. Осы жауапты науқанды өткізу үшін қазір 20 сайлау учаскесі дайындалды. Солардың бірі – № 636 сайлау бөлімшесі мектеп ішінен ашылды. Мұнда 1523 сайлаушы тіркелген. «Әрбір дауыс берушіге қолайлы жағдай жасау басты міндетіміз»,- дейді жауаптылар. Олар әдеттегідей жергілікті жұрттың белсенді боларына да сенімді.
Мария Ибрагимова, №636 сайлау учаскесінің төрайымы:
- Алдыңғы жылдары өткен сайлауда біздің учаскеде 65% сайлаушылар қатысқан болатын, енді осы да келе жатқан сайлауымызда белсенді қатысушылар болады деп ойлаймын.
Қалада мүгедектігі бар 20 адам үйден дауыс беруге өтініш түсірген. Ал көру қабілеті нашар азаматтар үшін арнайы кабинка әзірленіп, Брайль қарпі ұсынылады. Қазір әрбір сайлау учаскесінің өкілдері өз аумағы бойынша аула-аулаға барып, сайлауға шақырту таратып жүр.
Ботагөз Тоқтыбаева, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
- Мынадай қалың қарға қарамастан учаскелік салау комиссиясы жұмыс жүргізіп жатыр. Бүкіл сайлаушылардың үйлеріне дейін барып, пәтерлеріне дейін барып, шақырту билеттерін таратуда.
«Қала болашағы ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс», - дейді тұрғындар.
Полина Рыжкова, қала тұрғыны:
- Бұл өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Қазір міне, біртіндеп кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен танысып жатырмыз. Соған қарай ерікті түрде өз қаламыздың даумы үшін таңдау жасайтын боламыз.
Рауан Қайратқанқызы, қала тұрғыны:
- Өз қаламыздың көркейту үшін, қаламыздың өркендеуі үшін әкімнің сайлануы дұрыс деп ойлаймын.
Жалпы былтыр облыста 19 ауыл әкімі сайланды. Биыл 53 сайлау жоспарланған. Осылайша, ауыл-аймақтағы халық жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға араласа бастады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов