Ақтөбе облысында 15 өзенде мұз жару жұмыстары басталады
Ақтөбе облысында су тасқынының алдын алу мақсатында 15 өзеннің арнасындағы мұз жарылады, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр облыстың бірнеше елді мекенін су басып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалған еді. Қызыл су бұзған бөгеттер жөнделді ме?
Ақтөбе облысында былтыр еріген қар суы бірнеше қорғаныс бөгетін бұзып, өзен жағалай қонған ауылдарды су басты. Ағын су үстімен жүрген сең соғып қираған үйлер де аз емес. Сондықтан биыл Төтенше жағдайлар департаменті мамандары өзен көлдердің арнасында кептеліс болмау үшін 15 жерде мұз жаруды жоспарлап отыр.
Әлішер Сырбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Облыс бойынша су тасқыны қауіпті учаскелер тізбесіне 58 елді мекен кіреді. Бірақ барлық елді мекендер бойынша толықтай іс-шаралардың барлығы жүргізіліп аяқталды. Қазір бұл елді мекендерде қауіп барынша азайтылды.
Бұдан бөлек, 45 шақырымға жуық өзен жағалауы бекітілген. Қар суы жиналатын арналардың бойына 155 құбыр орнатылды. Облыстағы ең ірі Ақтөбе су қоймасы күрделі жөндеуден өтті. Республикалық бюджеттен 540 млн теңге бөлініп, жоғарғы және төменгі су өткізу каналдары, көктемгі су тасқынында ашылатын арналары жаңартылды. Сонымен қатар елді мекендерді қызыл судан қорғайтын 19 бөгетте жөндеу жұмыстары былтыр басталған.
Бекболат Нұрашев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінде 19-дың қазір бесеуінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалғандарын толық аяқтап, пайдалануға берілді. Енді мына атқарылып жатқан жұмыстар бойынша осы ақпан айында толықтай аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Онда қазір бетон жұмыстары жүргізіліп жатыр және таспен бекіту жұмыстары аяқталу фазасында.
Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 250 млн текше метр. Қазір онда 60 млн текше метр су бар. Қарғалы суқоймасына әлі 200 млн текше метр сыяды. Қыстың екі айы артта қалғанымен, синоптиктер: «Жауын-шашын әлі алда», – дейді.
Лариса Тарасенко, «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Ақпан мен наурыз айларына жасалған ұзақмерзімді болжам бойынша алдағы екі айда жауын-шашын мол болуы ықтимал. Көктемде күн күрт жылынып, қар жылдам ерісе, жердің тоңы жібіп үлгермей, өзен-көл суға толады.
Қазір өңірде дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Апта соңында жауапты мекеме мамандарына арналған кешенді оқу-жаттығу өтеді. Оқыс оқиға бола қалса, зардап шеккен жандарды уақытша жайғастыратын 200-ге жуық орын бекітілген. Су тасқынымен күресуге 2500 адам мен мыңнан астам техника жұмылдырылмақ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.