«Аягөз – Қарауыл – Қайнар» тас жолы 30 жыл жөндеу көрмеген
«Аягөз – Қарауыл – Қайнар» бағытындағы жолдың жөндеу көрмегеніне 25 жылдан асты, деп хабарлайды 24KZ. Жауапты мекеме бұған дейін тек жамап-жасқап келген. «Кейінгі жылдары Қаражыра кенішінен көмір таситын жүк көлігі көбейді», – дейді жергілікті жұрт. Салдарынан онсыз да сапасы сын көтермейтін жолдың тоз-тозын шығарып жіберген.
Қарауылдан Аягөз ауданына дейінгі арақашықтық шамамен 150 шақырым жер болады. Облыстық маңызы бар жол дегенмен соңғы 30 жылда бұл жер күрделі жөндеу көрмеген. Жүргізушілер жылдар бойы шұрық-тесік жолдың азабын тартып келеді.
Ой-шұңқыры көп жолдың азабын тартқан жүргізушілердің бірі – Тұрсын Сағадиев. Ақсуат ауданының тұрғыны 40 жылдан астам жүргізуші болған. Абай ауданына жарысқа келетін балаларды тасиды. Жүргізуші: «Екі аралықта қатынаймыз деп талай рет далада қалғанбыз», – дейді.
Тұрсын Сағадиев, Ақсуат ауданының тұрғыны:
- Жол осылай сапасы сын көтермейді. Жаздыгүні шаңда, қыстыгүні осылай боранда далада қалып қаламыз. Әркімнің есігін қағып, түнеп шығып, ауылымызға жетеміз енді. Камаздың өзі бәленбай тонна жүкпен жүріп өтеді. Өзі сын көтермей тұрған жолды одан сайын жойып жібереді.
«Аягөз – Қарауыл – Қайнар» күрежолының ұзындығы 218 шақырым. Оның 150 шақырымы Аягөз – Қарауыл учаскесі. Сол маңда Қаражыра кеніші орналасқан. Жүк көліктері күн сайын елді мекендерге көмір тасиды.
Қайрат Диқанбаев, жүргізуші:
- Жолды көріп тұрсың ғой өзің, жаман, әрине. Кішкене жөндесе жақсы ғой. Мысалы, Аягөз бен Ақшатаудың арасын қар алып қалады.
Жергілікті әкімдік өкілдері жолдың кезең-кезеңмен жөнделетінін айтып отыр. Былтыр конкурс өтіп шамамен 20 шақырым жол жаңғыртылды. Бұған облыстық бюджеттен шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:
- Аягөз – Қарауыл бағытымен бірыңғай ақша бөліп, толық жөндеу мүмкін емес. Себебі басқа да аудандарда облыстық маңызы бар жолдар бар. Соларға жан-жақтан тең бөлу мақсатында жұмыс жүріп жатыр.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары аталған аумаққа 15 тексеру жүргізген. 150-ге жуық материал сарапталып, 20 шақырым жерден 8 ақау анықтаған.
Роллан Қалиақпаров, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Абай облыстық филиалының инженері:
- Оның ішінде түйіспелі тегістік бойлық бар және көлденең бағытта асфальт-бетон қабатының қабыршақтануы байқалады. Бұған қоса жарықшақтар анықталды. Сол бойынша біз тапсырыс берушіге хат жолдадық. Бірақ ол ақаулар әлі жойылған жоқ.
«Аягөз – Қарауыл – Қайнар» күрежолын жөндеу көктемде жалғасады. Қазір жұмысқа жауапты компания анықталған. Мердігер ұйым Кеңгірбай би аулының маңынан 4 га жер алып, көшпелі асфальт өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.