Биыл 13 мың км жолды жөндеу жоспарланған. LIVE
Биыл өңіраралық аудан мен ауданның арасын қосатын 6 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Қазір министрліктің алдына 10 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу міндеті қойылған. «Бұл жөндеу жұмыстарының мерзімін қысқартып, қаржы үнемдеуге сеп болады», – деді ведомство басшысы. Сонымен қай өңірдің жолдары жөнделеді?
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- «Биыл 50 жыл жөнделмеген Петропавл мен Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен –Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғаз жолдары толығымен жөндеуден өткізіледі», – деді министр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ең ауқымды жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аталмыш аймақтардың әрқайсысында мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Ал 2024 жылы рекордты көлемде 12 мың шақырым жол қамтылды, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаға 25 мың адам жұмылдырылды. Биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жоспарланған, оның ішінде 9500 шақырымы қаржыландырылды, қалғанына қатысты құжаттар дайындалып, қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Министр баяндамасында ақылы жолдарға да тоқталды. 2024 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы болады, олардан биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін қаржы түседі деп күтіліп отыр. Осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, жол жөндеу жұмыстарында отандық мердігерлерге қолдау көрсетіледі. Жобаның орындаушысын анықтауда қазақстандық немесе қазақстанның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдылық беріледі.
Бұдан бөлек, министр «Орташа жылдамдық» жобасы және жол сапасын бақылауда жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары жайлы баяндады.