Мысыр билігі жаңа Каирге көшеді
Мысыр билігі әкімшілік астанасын жаңа Каирге көшіруді бастап кетті.
Жаңа қала Каирден шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 700 шаршы шақырымдай. Қазір шаһардың инфрақұрылымдық жүйесі аяқталуға жақын. Ал архитектуралық сәулеті көпқабатты зәулім ғимараттарымен ерекшеленеді. Мұнан бөлек, 100 мың тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғындардың алғашқы легі қоныстанып үлгерді. 2050 жылға қарай олардың саны 6 жарым миллионға жетеді деген болжам бар.
Халед Аббас, қалалық әкімшілік басқармасының төрағасы:
-Біз жаңа Каирге көшуді былтыр наурыз айында бастадық. Шілде айында министрліктер іске кірісті. Қазір үкімет толық жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін тағы 48 мыңға жуық қызметкер біртіндеп келіп жатыр. Халықты қоныстандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Екінші кезеңде 1,5 млн тұрғын жаңа қалаға көшіп келеді.