Татарстанда «Ресей – Ислам әлемі» форумы өтіп жатыр
Татарстан астанасында «Ресей – Ислам әлемі» халықаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ауқымды іс-шара мұсылман елдерімен сауда байланыстарын, шетелдік инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту және исламдық қаржы жүйесінің мәселелерін талқылауға арналған. Бүгінде әлемдік халал нарығы 1,5 триллион долларға бағаланады. Жылдық өсім болжам бойынша 15%-ке жетеді.
Дана Нұржан, тілші:
- Қазан қаласы – мұсылман өркениетінің ежелгі орталықтарының бірі. Сондықтан да «Ресей – Ислам әлемі» форумы жылда Татарстан астанасында өткізіледі. Биылғы басқосуда 12 тақырып қарастырылып жатыр. Олардың ішінде Ислам елдерінің халықаралық ынтымақтастығы, экономика, туризм, бизнес, ғылым мен білім және спорт бар. Осы салаларда халал талаптарын енгізу тетіктері талқыланып, бұл индустрияның өзекті сұрақтары назардан тыс қалған жоқ. Қазанда 79 елден келген 11 мың маман кездесті. Ең ауқымды делегациялар Қазақстан, Мысыр, Индонезия мен Сауд Арабиясынан келді.
Мамандар жасанды интеллектінің дамуы мен әйелдердің саясаттағы рөлінен бастап, мұсылман әлемінің мәдени мұрасын сақтау сияқты түрлі мәселелерді талқылады. Дінаралық келісімді нығайту – форумның басты мақсатының бірі. Осы ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастырған Қазақстанның тәжірибесі жоғары бағаланды.
Болат Сәрсенбаев, Н. Назарбаев орталығы төрағасының кеңесшісі:
- Біз бұл диалогты баяғыда-ақ орнатқанбыз. Бастама күшті қолдауға ие болып, 20 жылдан бері жақсы жүргізіліп келеді. Сондықтан бұл істе тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз.
Форум аясында түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту да қозғалды. «Туыстас қазақ пен татар халықтарының мәдениетін жаңғырту – ортақ міндетіміз», – дейді көрме ұйымдастырушылары.
Зүлфия Гаврилова, ежелгі түрік музыкалық аспаптар көрмесінің гиді:
- Біздің мәдениеттеріміз бір-біріне өте ұқсас, өйткені түп-тамырымыз бір. Жастар туған тілдерін, шыққан тегін ұмытпаса екен дейміз. Сондықтан да ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа аманат етіп жеткізуге тырысып жатырмыз.
«Ресей – Ислам әлемі» халықаралық форумы 19 мамырға дейін жалғасады. Шара аясында Ресей Халал Экспо халықаралық көрмесі мен сән фестивалі өтеді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.