Америкалықтарды аптап ыстық күтіп тұр
Әлемнің бірқатар еліне аптап қауіп төндіріп тұр.
Сауд Арабиясының билігі 8 күннен кейін басталатын қажылық рәсім кезінде айрықша ыстық болатынын ескертті. Ресми дерек бойынша Исламның бесінші парызын орындауға біздің елден 5 мың 81 адам аттанған.
Аптап, шөл-шөлейт тұрмақ қоңыржай батысты да әбігерге сала бастады. Метеорологтар АҚШ тұрғындарына көшеге көп шықпай, суды жиі ішуге кеңес береді.
Америкалықтардың шошитындай жөні бар. Өткен аптада ғана көршілес Мексикада жоғары температурадан 61 адам ажал құшып, 160-тан астам маймыл қырылып қалған.
Ажал әкелген аптап
Үндістанда аптап ыстықтан көз жұмғандар саны 200 адамнан асты. Дәрігерлер: «биылғы жазда құрбандар саны тіптен көбейіп, 25 мың тұрғын зардап шегуі мүмкін», – дейді. Бұл елде наурыздан бері күн ерекше ыси бастады. Ә дегенде астана Нью-Делиде сынап бағанасы 50 градусқа жеткен. Оның үстіне Үндістанда 19 сәуірде әлемдегі ең ірі саяси іс-шара – парламент сайлауы өтіп, 6 аптаға созылды. Науқанға 642 миллион тұрғын қатысқан. Осы кезеңде Уттар Прадеш штатындағы сайлау учаскесінде жұмыс істеген 33 қызметкер көз жұмды. Билік олардың отбасына 18 мың доллар өтемақы төлеуге уәде беріп отыр.
Зихра, колледж студенті:
- Ауа температурасы 45-47 градус деп тұр. Бірақ сезілуі – 58 градус. Осындай ми қайнатқан ыстықта күнде колледжке қатынап, сабақ оқу өте қиын. Өлім-жітім де көбейді. Колледжден үйге жеткенше өліп қала жаздаймыз.
Қажылық сапар қиындай түседі
Биылғы қажылыққа барған адамдарға қиын болғалы тұр. Өйткені Сауд Арабиясының билігі Исламның бесінші парызын өтеу кезінде ерекше ыстық болады деген хабар таратты. Осы аптада температура бағаны 44 градусқа жетпек. Қажылықтың өзі 14 маусымда басталады. Содан бері мұсылмандар 4 күн бойы ғибадат қылады. Былтыр қажылыққа 1 миллион 800 мың адам қатысып, 48 градустық аптап ыстықтан 240 кісі көз жұмған еді. Олардың көбі Индонезия азаматтары болып шықты.
«Биылғы қажылық кезінде ауа температурасы 48 градусқа дейін көтеріліп, күн ерекше ыстық болады деген болжам бар. Ылғалдық деңгейі 25% жетпек. Жауын-шашын мүлде жаумайды», – Айман Гулам, Сауд Арабиясы Ұлттық метеорология орталығының басшысы.
Америкалықтарды аптап ыстық күтіп тұр
Америкалық синоптиктер де жергілікті тұрғындарға: «өмірге аса қауіпті аптап ыстық келе жатыр», – деп қазірден дабыл қағуға кірісті. Әсіресе АҚШ-тың оңтүстік-батысында ауа температурасы әдеттегіден өте жоғары болмақ. Қазірдің өзінде сынап бағанасы Калифорния штатында 43 градустан асқан. Метеорологтардың ескертуінше, 34 млн тұрғынның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгелі тұр. Мамандар: «маусымдағы ыстық қатерлі болады, адамдар жоғары температураға бейімделіп үлгермейді», – дейді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр АҚШ-та кейінгі 45 жылдағы ең жоғары температура тіркеліп, ыстықтан 2300-ден адам ажал құшқан еді.
Даниел Суейн, Калифорния университетінің климат жөніндегі ғалымы:
- Температураның жоғарылауы батыс аймақта өрт қаупін арттырады. Әзірге бұл өңірде құрғақшылық байқалмайды. Тек жаз айларының аяғына қарай қуаңшылық зардабы артуы мүмкін. Күн райының қолайсыз болуына климаттың өзгеруі тікелей әсер етіп жатыр. Ал бұған бірінші кезекте, адамдар, өзіміз кінәліміз.
Күн райына тоқталғанда ғаламдық жылынуды тудырған «Әл-Ниньо» құбылысы туралы жиі айтамыз. Енді Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары: «салқын леп тудыратын «Лә-Нинья» құбылысы келеді», – дейді. Яғни, сарапшылар жаз салқын болады деп болжайды.