Еуропа елдері мен Жапонияда еңбекке қабілетті халық саны азайып барады

Демографиялық дағдарыс еңбек нарығындағы ахуалды ушықтырып тұр. Еуропадағы жағдай соған мысал, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда халық тез қартайып барады. Жастар жағы балалы болуға асықпайды. Сөйтіп, жұмыс істейтін адамдар азайған. Жапонияда да дәл солай. Демографиядағы түйткілдер жапон экономикасына кесірін тигізуде. Салдарынан күншығыс елі,,,әлемнің үшінші экономикасы атағынан айырылды. Оны Германия басып озған.

Германия басып озғанымен, мұнда да кадр тапшылығы өзекті мәселенің бірі емес пе?

Салдарынан 2027 жылға таман неміс елінің экономикасына 74 миллиард еуро шығын келуі мүмкін деген болжамдар жасалынып отыр.

 

Жапонияда маман тапшылығына демографиялық дағдарыс себеп

Жапонияда кадр тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, технологиялық сектордағы ахуал күрделі. Бағдарламашылардың жетіспеуі ел экономикасын цифрландыру процесін тежеп отыр. Мемлекет жартылай өткізгіштер өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шығуға ниетті. Бірақ мұнда да білікті маман аз. Сектордағы кадр тапшылығы кейінгі 5 жылда 5 есе өскен. Еңбек нарығындағы мұндай күрделі жағдайға демографиялық дағдарыс себеп. Жапонияда бала туу көрсеткіші ең төмен деңгейде. Ал қарт кісі көп. Демек еңбекке қабілетті халық саны азайып барады. Технологиялық компаниялардың басшылары жалақыны көтеру арқылы мәселені шешуге тырысып жатыр. Бірақ Күншығыс елі еңбекақы деңгейі бойынша әлемнің өзге дамыған мемлекеттерінен артта қалып отыр. Кейінгі 30 жылда көрсеткіш аса қатты өзгермеген. Салыстыру үшін айтсақ, Германияда ол екі есе өскен. Бұдан бөлек, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін зейнеткерлердің қайта жұмысқа шығуына көп көңіл бөлінуде. Мысалы былтырдан бері жасы 65-тен асқан азаматтарды жұмысқа қабылдаған компанияларға субсидиялар беріледі. Ал қорғаныс саласында маман тапшылығы мәселесін жасанды интеллект көмегімен шешуге ниетті. Ведомство адамдарды роботтандырылған жүйеге алмастырып, түрлі дрондар сатып алу жөніндегі жоспарын іске асырып жатыр.

 

Еуроодақта еңбекке қабілетті халық саны азайып барады

Халықтың тез қартаюы – Еуроодақ үшін де өзекті мәселе. Бала туу көрсеткіші төмен межеде. Содан мұнда да еңбек нарығындағы ахуал қиындап барады. 2012 жылдан бері еңбекке қабілетті адамдар саны 269 миллионнан 264 миллионға дейін азайған. 2050 жылға дейін олардың қатарына тағы 35 миллион адам қосылады деп болжанған. Былтыр шағын және орта кәсіпорындардың 54%-і осындай проблемаға тап болған. Мұнда, әсіресе, техникалық мамандар жетіспейді. Ал Еуроодаққа кіретін Германияда дәрігер аз. Неміс елінің билігі оны сырттан келген мамандар есебінен шешіп жатыр. Мұнда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің 23%-і Сирия, Румыния және Ресейден келген азаматтар. Осы және өзге де салада кадр жетіспеуі салдарынан Германия экономикасына биыл 49 миллиард еуро шығын келуі мүмкін. Бір қызығы – одаққа мүше кейбір елдер қызметкерлер таппай әлек боп жатқанда, кейбірінде жұмыссыздық деңгейі артып барады. Испаниядағы жағдай соған мысал. Мұнда көрсеткіш 12%-тен асып кетті. Сөйтіп, қазір 3 миллион адам екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр.