Ғалымдар какаоның жаңа түрлерін шығаруға күш салып жатыр
Жаһандық климаттың өзгеруі көпшіліктің сүйіп жейтін тәттісі - шоколадқа қажет какао өндірісін де тежеді.
Ғалымдар енді оны қалай сақтап қалудың жаңа әдістерін зерттеп жатыр.
Какаоны сақтап қалуға қатысты зерттеулер Израиль мен АҚШ-та жүргізіліп жатыр. Калифорниядағы Калчэрэд компаниясы өсімдіктің дәндерін зертханада өсіріп, сынауда. Мұнда олар қант қосылған суы бар арнайы ыдысқа салып қойылады. Сонда дәндер плантациядағыдай 6-8 айда емес, бірнеше апта ішінде өсіп шыға келеді.
Алан Перлштейн, California Cultured компаниясының бас директоры:
- Біз какаоның жер бетінде сирек кездесетін және жоғары сұранысқа ие түрлерін іздеумен айналысамыз. Табылған сұрыпты зертханаларда өсіріп, көбейтеміз. Келешекте осы технологияның көмегімен шоколад ағаштарды кеспей-ақ өндіретіндей жағдайға жетуіміз мүмкін.
Ал Израиль ғалымдары климаттың өзгеруіне төзімді какао ағаштарын өсіру жолдарын зерттейді. Мамандар олардың құрғақшылық жағдайында қалай өсетінін тексеруде. Жақында орталық қызметкерлері кездейсоқ жаңалық ашқан. Айтуыларынша Газа секторындағы қарулы қақтығысқа байланысты былтыр жылыжайда күтімсіз қалған көшеттердің 20-ға жуығы өзігінен жайқалып өсіп шыққан.
Талли Илани, Darom зерттеу орталығының қызметкері:
- 7 қазанда суғару жүйесі істен шықты. Фермаға қаңтарға дейін кіре алмадық. Ағаштардың барлығы өліп қалған болар деп келген едік. Бірақ жылыжайдың есігін ашқанда көшеттердің бой көтеріп жайқалып тұрғанын көріп аң-таң болдық.
Эллен Грейбер, Volcani институтының ғылыми қызметкері:
- Какао ағаштары 3,5 ай суғарылмағанына қарамастан өсіп шықан. Демек бұл келешекте олардың құрғақшылыққа төзімді түрлерін шығара аламыз дегенді білдіреді. Яғни какао өндірісінің географиясын кеңейтуімізге мүмкіндік туады.
Ал неміс ғалымдары шоколад алмастырғыш ойлап тапты. Олар зәйтүннен бастап, балдырға дейінгінің бәрін сынақтан өткізген. Сөйтіп оны сұлы мен күнбағыс дәндерінің қоспасынан жасап шығарған. Зерттеушілер оның дәмі шоколадтан кем түспейді дейді. Жыл басында әлемдік нарықта какао бағасы күрт шарықтап, наурыз айында оның құны 10 мың доллардан асып кеткен еді. Оған Батыс Африкада ауа райының қолайсыздығы мен түрлі өсімдік аурулары себеп болған. Осыған байланысты ғалымдар шоколадқа сұранысты өтей алу үшін оның негізгі бөлігі какаоны өсірудің баламалы жолдарын іздеуге шақырды. Өйткені климаттың өзгеруінен келешекте мұндай жағдайлар жиілейді деген болжам бар.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Тамерлан Ким