Таяу Шығыста қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны артуда

Газа секторында Израильдің атқылауларынан зардап шегіп жатқан бейбіт тұрғындар көп.

Жуырда Газаның солтүстігінде орналасқан босқындар лагерінде тағы бірнеше азамат жарақат алды. Бұл туралы Жедел әрекет ету қызметінің басшысы Фарес Афана хабарлады. Рейтер агенттігі жариялаған мына бейнежазбадан мектепті пана еткен палестиналық ер азаматқа фельдшердің шұғыл медициналық көмек көрсетіп жатқанын көруге болады.

БҰҰ: Қаза тапқан Бейбіт тұрғындар санының артуы алаңдатады   

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газаның солтүстігінде Израиль шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар санының артуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты БҰҰ-ның ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеме жасап, Ұйым басшысының тараптарды халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға шақыратынын жеткізді.

Стефан Дюжаррик,  БҰҰ-ның ресми өкілі:

- Біз Газаның орталық бөлігінде орналасқан аурухана кешенінің аумағына Израильдің шабуыл жасағаны туралы жан шошытарлық хабарларды естідік. Бас хатшы бейбіт тұрғындар арасында опат болғандар санының артуын және Газаның солтүстігінде күшейе түскен Израиль шабуылдарын қатаң айыптайды. Соның салдарынан палестиналықтар үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Осыған байланысты ұйым басшысы қақтығысқа қатысы бар барлық тарапты халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға шақырады. Сонымен қатар бейбіт тұрғындардың өмірі әрқашан қорғалуы тиіс екенін баса айтты.

Израиль босқындар лагеріне шабуыл жасады  

Кеше таңертең Израиль атқылаған әуе зымырандары Дейр-әл-Балах қаласында орналасқан әл-Ақса ауруханасы аумағындағы босқындар лагеріне түсіп, 3 адам опат болды. 40 азамат жарақат алды. Дәл осы күні, Израильдің мектепке жасаған шабуылынан көз жұмған бірнеше палестиналықты жерлеу рәсімі өтті. Олардың арасында бір жасар сәби мен оның анасы бар.

Израиль бір жауынгерін жер қойнына тапсырды  

Израиль де бір жауынгерін жер қойнына тапсырды. Жуырда Хезболла Биньямин қаласындағы әскери базаны дронмен атқылаған еді. Одан еврей армиясының 4 сарбазы көз жұмып, 60-тан астамы жарақат алды. Артынша ел премьр-министрі Биньямин Нетаньяху шабуыл аймағына барып, Хезболлаға, бүкіл Ливанға қарсы жойқын соққыларын одан әрі жалғастыруға уәде берді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз Иран зұлымдығына қарсы ауыр күрес жүргізіп келеміз. Олар бізді жоқ қылғысы келеді. Алайда бұларынан ештеңе шықпайды. Біз ары қарай да күресе бермекпіз. Оның құны қымбатқа түсіп жатқанымен, жетістіктеріміз жоқ емес. Осы ретте «Хезболлаға», бүкіл Ливанға қарсы жойқын соққыларды одан әрі жалғастыратынымызды мәлімдеймін.

Биньямин Нетаньяху: Ливандағы БҰҰ күштерін қасақана атқылады деген айып негізсіз  

Израиль премьер-министрі ел әскері Ливандағы БҰҰ күштерін қасақана атқылады деген айыпқа да жауап беріп, мұндай мәлімдемелер шындыққа жанаспайды деді. Оның айтуынша, «Хезболла» өкілдері БҰҰ шебіне тым жақын жерде ұрыс жүргізіп келеді. Қозғалыс содырлары, осылайша, бітімгерлік миссияны қалқан ретінде қолдануға тырысып бағады. Ал оның алдын алу үшін Нетаньяху БҰҰ күштерін тағы бір рет Ливанның оңтүстігінен кетуге шақырды. Десе де, БҰҰ бітімгерлері орналасқан жерлерінде қала береді. Бұл туралы БҰҰ бітімгершілік күштерінің басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің Ливандағы жағдайға қатысты брифингінен кейін мәлімдеді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Израиль UNIFIL қызметкерлеріне қасақана шабуыл жасады деген айыптаулар негізсіз. Бәрі мүлдем керісінше болды. Израиль тарапы БҰҰ Күштерін Ливанның оңтүстігіндегі әскери іс-қимыл аймағынан кетуді бірнеше рет сұрады. Израиль UNIFIL-мен соғысып жатқан жоқ. Ол Ливан халқымен де соғысып жатқан жоқ. Израиль «Хезболла» ұйымымен күресуде. Израиль өзін «Хезболладан» қорғауға толық құқығы бар. Және бұл істі ары қарай да жалғастыра бермек.

Washington post: Израиль Иранның әскери инфрақұрылымына ғана соққы береді

Израиль Иранның әскери нысандарына соққы беруге дайын. Бірақ ядролық немесе мұнай кен орындарын шабуылдамайды. The Washington Post ақпары бойынша Нетаньяху өткен аптада АҚШ президенті Байденмен телефон арқылы сөйлесу барысында осылай деген. Қарымта шабуыл «АҚШ-тағы сайлауға саяси тұрғыдан араласуға» жол берілмейтіндей етіп есептелген. Себебі мұнай нысандарға соққы жасау энергия көздерін қымбаттатып, демократтардың сайлаушылар арасындағы позициясын әлсіретіп жіберуі мүмкін. Сондықтан Нетаньяху кеңсесі шабуылға қатысты соңғы шешімді тек ұлттық мүддені негізге ала отырып жасамақ. 1-ші қазан күні Иран Израильге қарсы 200-ге жуық зымыран ұшырған болатын. Ресми Тегеран мұны «Хезболла» жетекшісі мен Хамастың саяси бюро басшысы өліміне жауап деп мәлімдеді.