Испанияда наразы топ патшаға лай-батпақ лақтырды

Испания патшасы VI Филипп алапат тасқын болған Пайпорта қаласына барды, деп хабарлайды 24kz.

Монархты жүздеген тұрғын наразылықпен қарсы алды.

Ашынған топ патшаға «Кісі өлтірушілер» деп айқайлап, лай-батпақ лақтырған. Ереуілшілер: «табиғи апаттың болары белгілі еді, бірақ дайын болмады, ештеңе істемеді», деп ашу-ызасын білдірді. Валенсия аймағында төтенше қызмет кеш қимылдаған.

Айта кетейік, Испаниядағы су тасқынынан көз жұмғандар саны 217 адамға жетті.Олардың 60-тан астамы осы Пайпорта қаласының тұрғындары. Із-түзсіз жоғалған ондаған адам әлі табылмай жатыр. 3 мың үйде электр жарығы жоқ.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Азаматтардың көбі мемлекеттік мекемелердің өз міндетін толық атқарғанын, нақты шешімдер қабылдағанын қалайды. Халықтың басым бөлігі қандай да бір зорлық-зомбылық әрекетін құптамайды. Бірақ өкінішке қарай, тәртіпсіздікке барып жатқан кейбір адамдарды көріп отырмыз. Біз ешқайда қашпаймыз. Жауапкершіліктен бас тартпаймыз. Басты мақсатымыз – табиғи апат салдарынан ажал құшуы мүмкін адамдарды құтқару. Валенсия және барлық аймақты қалпына келтіруіміз керек.