Палестиналықтар Газа қаласына оралып жатыр

Газа секторында қақтығыстан қажыған тұрғындар солтүстік аймақтардан Газа қаласына қайта орала бастады. Олар үйінді қалдықтары мен қоқыстың ортасынан шатыр тігіп, тұрып жатыр. Бас амандығы үшін қайда барып бас сауғаласа да, тыныштық жоқ. Ішерге ас, тұтынарға тамақ тапшы. Бұл маңдағы қайырымдылық асханасының 500 адамды ғана ыстық тамақпен қамтуға қауқары жетеді. Қалған мыңдаған тұрғын аш.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аймаққа соңғы рет екі апта бұрын гуманитарлық көмек жөнелткен. Содан бері Газа секторы бірде-бір көмек жүгін қабылдаған жоқ. Жалпы Изриаль шабуылынан қаза тапқан палестиналықтар саны 45 мыңға таяды.

Имад Абу Джедиан, босқын:

- Біздің жағдайымыз өте қиын. Күл-қоқыстың ортасында әйтеуір тірі адамның күнін күнелтіп жүрміз. Біз шұғыл тыныштық орнағанын қалаймыз. Бізді аямаса да, балаларымызға жаны ашыса екен. Мұндай қиындыққа төзе алмай, өліп кетіп жатыр. Қолдан келер шара жоқ. Олар кешелі бері нәр татқан жоқ.