Қытайда 1500 м биіктікте «Аспандағы баспалдақ» аттракционы ашылды
![Қытайда 1500 м биіктікте «Аспандағы баспалдақ» аттракционы ашылды](/media/k2/items/cache/116cca1c6d81b4c46725c15698a3a50c_XL.jpg?t=20241212_091446)
Қытайда 1500 метр биіктікте «Аспандағы баспалдақ» деп аталатын жаңа туристік орын пайда болды. Экстримді сүйетіндер үшін ашылған жер Цисин тауында, екі жартастың қақ ортасында орналасқан. Ұзындығы 168 метрдей болады, деп хабарлайды 24KZ.
Қытайдың Хунань провинциясындағы Чжанцзяцзе табиғи саябағы биік таулы шыңдарымен, көз сүйіндірер әдемі бедерімен танымал. Бұл жерге экстримді жаны сүйетін, жүйкесін бір сілкіп алғысы келетін саяхатшылар жиі ат басын бұрады. Әсіресе жаңадан ашылған аспандағы баспалдақты көруге, онымен жүріп өтуге келетіндердің қарасы қалың. Ұзыннан ұзақ биікте тізбектелген жол болат тұтқа, аяқ тіреуіштері мен арқан, кабель сияқты сенімді құралдармен жабдықталған. «Қорқуға еш негіз жоқ, өйткені бәрі сапалы», – дейді саябақ қызметкерлері.
Чжан Чжанцзяцзе, Ұлттық табиғи саябақтың қызметкері:
- Баспалдақтың жоғарғы және төменгі бөлігі 8 арқанмен мықтап бекітілген. Оның әрқайсысы 8 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады. Сол себепті туристер еш алаңдамай, баспалдақтың қауіпсіз екенін көз жеткізе алады.
Баспалдақпен бір бағытта жүріп өту құны 80 доллар. Тәжірибе жасамас бұрын турист жаттықтырушыдан кеңес алып, қауіпсіздік үшін қорғаныш кеудешесін киіп, белдік тағу қажет. Ал онымен өткенде еңкейіп жүру керек. Дәл осылай биік жартас үстімен жүріп өткен меймандар өздерінің алған әсерімен бөлісті.
Сауалнама:
- Аспандағы баспалдақты көргенімде алдымен қатты қорықтым. Бірақ осыдан өтуді қалап келген соң тәуекел етуге тура келді. Сөйтіп жартас үстімен жүріп өттім. Биікке көтерілгендегі сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Керемет!
- Баспалдақ жел соққанда сәл қозғалады. Бұл қорқынышыңды одан сайын үдете түседі. Бастапқыда суретке түсудің өзі қиын болды. Кейін бойымда сенім ұялап, әр сәтті қалт жібермей, камераға түсіріп алдым.
Биік жартастағы баспалдықты көруге әлемнің әр түкпірінен күн сайын мыңдаған турист келеді. Шамамен 1200 адам оның үстімен жүріп өтеді. Кейде кезек көп болса, баспалдақта кептеліс те туындауы мүмкін.