Бразилиядағы қуаңшылық: кофе күрт қымбаттап кетті
Әлемде кофе қымбаттады. Кейінгі 50 жылда дәнді дақылдың құны аспандап, бұрын-сонды болмаған рекордтық деңгейге жетті. Сарапшылар мұны Бразилиядағы қуаңшылықпен байланыстырып отыр.
Кофе дәндерінің ішінде жұрт сүйсініп ішетін арабика сортының құны биыл шамамен 70% өсіп, келісі 7 доллардан саудаланды. Ал оның үнемді түрі робуста сортының бағасы тіпті өсіп кеткен. Биыл 85%-ке артты. Оған жыл басында Бразилияны жайлаған қуаңшылық себеп. Мамыр мен тамыз айларында елдегі ауылшаруашылық алқаптары қурап, жарамсыз қалған.
Карлос Мера, сарапшы:
- Кофе дәнінің қымбаттауынан Бразилияда алдағы жылдардағы кофе өндіруге қатысты алаңдаушылық туып отыр. Жеткізу және логистика мәселесі де оның құнын көтеріп жіберді. Келер жылы арабиканың жылдық өндірісі алдыңғы маусыммен салыстырғанда 11% төмендейді деген болжам бар.
Кофе құнының күрт көтерілуіне әсер етіп отырған тағы бір фактор – Еуропалық Одақтың ормандарды кесу жөніндегі ережені күшіне енгізуді кешеуілдетуі. Алғашқыда құжатты жүзеге асыру осы жылдың соңына жоспарланған еді. Бірақ ұйым комиссиясы оны бір жылға кейінге қалдырды.
Ракель Миранда, CNA ұлттық кофе комиссиясының кеңесшісі:
- Бұл жағдайдың қалыпқа келіп-келмеуі климаттық құбылысқа байланысты. Сол себепті сатып алушылар қамбасын алдын ала толтырып алуы керек. Ал өндірушілер болса коммерциялық стратегияны ескеріп, инвестицияны сапаға салуы қажет.
Мұндай мәселеге тап болған тағы бір ел – Вьетнам. Бұл мемлекетте де дақыл егу кезеңінде құрғақшылық белең алып, ал жинау маусымында толассыз жауын түскен. Бұл кофе тапшылығына әкеліп, оның құнын көтеріп жіберді. Сондықтан сарапшылар: «Әлемдегі ең ірі кофе өндіруші қос елде жағдай қиындаса, қалған мемлекеттерде де оның бағасы қымбаттаған үстіне қымбаттай береді», – дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.