Британияда инфляция деңгейі тағы өсті
Тұманды Альбион халқын қымбатшылық қысып барады. Қараша айында тұтыну бағасы 2,6%-ке өскен. Бұл туралы Ұлыбритания Ұлттық статистика қызметі хабарлады. Жұмысшылар жалақыларын көбейтуді талап етіп, ереуілге шықты.
Лондондағы ең танымал әмбебап дүкендердің бірінің ондаған жұмысшысы көшеге шықты. Кәсіподақ ұйымының мәліметтерінше қызметкерлердің 95%-і осында. Олар жалақыларына мүлдемқанағаттанбайды. Еден жуушылар, цех және мейрамханада еңбек ететіндер қымбатшылық қамытын кидік деп налиды. Ал басшылары болса кіріс көлемінің 30%-ке төмендегеніне қарамастан өткен жылы өздеріне 180 млн фунт дивиденд төлеген.
Элис, Пиццерия қызметкері:
- Біз қалған-құтқан қалдықтарды қорек қылудан шаршадық. Біздің шыдамымыз таусылды. Біріксек шынымен де қуатты күшке айналатындығымызды көрсеткіміз келеді. Бастықтардың компаниядан жүздеген миллион фунт пайда алатынын білеміз. Ал біздің айлығымыз шайлығымызға жетпейді.
Петрос Элия, Кәсіподақ бас хатшысы:
- Бұл әмбебап дүкен тарихындағы ең ірі ереуіл. Жұмысшылардың талабы - жалақы көлемін көтеру. Рождествоға сыйақы алғысы келеді. Еңбек жағдайларының жақсарғанын қалайды.
Елде инфляция деңгейі екінші ай қатарынан өсіп отыр. Қазан айында бағалар 2,3%-ке, ал қыркүйекте 1,7%-ке көтерілген болатын. Әсіресе азық-түлік пен алкогольсіз сусындардың, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің, сондай-ақ саяхат пен бос уақыт өткізудің құны едәуір қымбаттаған. Көлік қызметтері керісінше 0,9%-ке арзандады. Қаржы министрі елдегі инфляция халықаралық көрсеткіштермен деңгейлес деп мәлімдеді.
Рейчел Ривз, Ұлыбритания қаржы министрі:
- АҚШ-та инфляция деңгейі 2,7%-ке, яғни бізден сәл жоғары. Еуроаймақта ол 2,3%. Біз өмір сүру құны дағдарысының әлі де сезілетінін мойындаймыз және осы мәселені шешу үшін шаралар қабылдаймыз.
Ресми мәліметтерге сәйкес Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімі 2024 жылдың үшінші тоқсанында 0,1%-ке өседі деп жоспарланғанымен ілгерілемеді. Ұлттық статистика басқармасының ақпаратына сәйкес шілдеден қыркүйекке дейін қызмет көрсету секторында өсім байқалмаған. Англия банкі төртінші тоқсанда жалпы ішкі өнім мүлдем ілгерілемейді деп болжап отыр.