Қытайда тапсырысты дрондар жеткізіп жүр
Ал Қытайда тапсырыс жеткізу қызметін дрондар атқарады. Қызметтің бұл түрі әсіресе Гуандун, Гонконг, Макао сияқты экономикалық аймақтарда ерекше дамыған.
Әуе машиналарының көмегімен тәулігіне 20 мың данадан астам тауар тасмалданады. Осыншама тапсырысты орындау үшін орта есеппен минутына 100 дрон әуеде қатынайды. Ал, заттарды қабылдап, жинақтап діттеген жеріне жеткізгенге дейінгі жұмысты жасанды интеллект басқарады. Тіпті техникалық жағдайды, ауа температурасын, желдің екпінін бақылайды. Дронның ұшып-қонуын автоматтандырылған жүйе жүзеге асырады. Айта кету керек, көрші мемлекетте бұл саланы дамытуға құйылған қаржы көлемі 83 млрд АҚШ долларға жеткен.
Цзоу Пэн, Shenzhen Fengui Technology компаниясының дрондар жөніндегі аға инженері:
- Бұл салада жасанды интеллект аса тиімділігін көрсетті. Дрондар 120 шақырымға дейін жүк тасмалдай алады. Ұшу қондырғылары көміртекті талшық негізіндегі композиттік материалдардан жасалған. Тік ұшу және қону конструкциясы бар. Бұл әуе техникалары екпінді жел мен жаңбырға төзімді. Біз қолданысқа енгізбес бұрын 10 мыңнан астам рет сынақтан өткіздік. Максималды жылдамдықпен қозғалған жағдайда тапсырысты 10 минутта жеткізуге болады.