Мексикалықтар Трамптың Мексика шығанағының атауын өзгертуіне қарсы
АҚШ президенті Дональд Трамптың Мексика шығанағының атауын «Америка шығанағы» деп өзгерткеніне Мексика тұрғындары қарсылық танытып жатыр.
Трамп қызметіне кіріскен бірінші күні Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта «атауды өзгерту осы экономикалық ресурсты біздің елдің экономикасы халқы үшін маңыздылығын мойындау үшін қажет» делінген. «Рейтер» агенттігі Ақ үй басшысы АҚШ-тың геологиялық қызметіне мұндай өзгеріс енгізе алғанымен, жаңа атауды халықаралық деңгейде мойындатуы екіталай деп жазды.
Виктор Руиз, Веракрус штатының тұрғыны:
- Иә, қазір Трамптың қолында билік бар. Мигранттарды қайтарса, қайтара берсін. Бірақ Мексика шығанағының атауын өзгерту ақылға қонымсыз.
Андрес Ом Хернандес, Веракрус штатының тұрғыны:
- Мұнысы енді қате. Өйткені Мексика шығанағы атам заманнан солай аталады. Оны өзгертудің еш қажеті жоқ. Трамп қатты қателесіп отыр. Ол бәрін оңай және тез өзгерткісі келеді.
Ариел, Веракрус штатының тұрғыны:
- Біз президент Дональд Трамптың қатаң саясат ұстанғысы келетінін білеміз. Бірақ мексикалықтар да мұндай жағдайларда тура солай әрекет етуге тиіс. Оның айтқанымен ешбір келіспейді деп ойлаймын.
Мексика астанасы Мехикода бір топ белсенді АҚШ елшілігінің жанында Дональд Трамптың бейнесін таяқпен сабап, өртеп жіберді. Осылайша, олар АҚШ-тың 47-президентінің Мексика шығанағының атауын өзгертуіне және көші-қонға қарсы саясатына наразылық білдірген.