Түркияда көп қабатты үй құлап, бірнеше адам астында қалып қойды
Түркияның Кония провинциясында төрт қабатты ғимарат құлап, үйінді астында бес кісі қалып қойды.
Елдің ішкі істер министрінің хабарлауынша, оның үшеуі құтқарылған. Қалған екі кісіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Апаттың себептері әлі белгісіз. Тұрғын үйдің бірінші қабатында дүкен, жоғары жағында пәтерлер болған. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, көп қабатты үйде 79 адам тұрған. Олардың дені ғимарат құламай жатып сыртқа шығып үлгерген.
Жевдет Йылмаз, Түркия вице-президенті:
- Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 200-ден аса маман жұмылдырылған. Көрші ғимараттардағы тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Үйінді астында қалған 2 кісіні құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.