Израиль БҰҰ палестиналық босқындарға көмектесу жөніндегі агенттігін жабады
Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымының палестиналық босқындарға көмектесу жөніндегі агенттігін жабады. Тиісті заң ертең күшіне енеді. Бірақ аталған тыйым аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп, тіпті әрең қол жеткізілген ХАМАС пен Израиль арасындағы оқ атпау режимін бұзуы мүмкін. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында агенттіктің бас комиссары Филипп Лаззарини мәлімдеді.
Оның айтуынша, бір ғана Шығыс Иерусалимде 70 мың науқас медициналық көмектен қол үзеді және мыңға жуық оқушы сабақтан қалады. Өйткені бұл қызметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттігі қаржыландырып отырған. Израильдің шешімі өз аумағын ғана емес, сондай-ақ Газа секторы, Шығыс Иерусалим мен Иордан өзенінің батыс жағасын да қамтиды.
Филипп Лаззарини, БҰҰ палестиналық босқындарға көмектесу жөніндегі агенттігінің бас комиссары:
- Бұл агенттікте 14 мың қызметкер бар. Ол қажыған халыққа жан-жақты қолдау үшін өте маңызды ұйым. Мен Қауіпсіздік кеңесінен Израильдің Кнессеті қабылдаған заңды жоюға ықпал етуді сұраймын. Израильдің шешімі бейбіт бітімге кесірін тигізуі мүмкін.