Жапонияда сенсорлық картиналар көрмесі өтіп жатыр
Токиода белгілі жапон суретшісі Кацусика Хокусайдың туындыларына арналған мультимедиялық көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
TeamLab Planets интерактивті мұражайында ұйымдастырылған экспозиция көрермендерге картиналарды тамашалаумен қатар сурет әлеміне еніп, әр бөлшегін сезінуге мүмкіндік береді.
Токиодағы сенсорлық картиналар көрмесі келушілерді Хокусай өнерінің тылсым әлеміне жетелейді. Виртуалды бейнелер мен сенсорлық технологиялар сурет ішінде жүргендей әсер қалдырады. Көрме қонақтары өздерін құмды жағалауда серуендеп немесе шайқалған көпірден өтіп бара жатқандай шынайы әсерге бөленеді.
Хироши Цунаcима, көрменің техникалық директоры:
- Бұл бөлмеде «Белсенді экран» деп аталатын ерекше құрылғы орнатылған. Ол сенсорлық технологиялар негізінде жасалған. Мұнда адамдар Хокусайдың төрт түрлі көрінісіне еніп, құмды жағалауда жүргендей, мұзда тайғанап немесе шаянды байқамай басып кеткендей шынайы әсер ала алады. Бұл – өнерді сезінудің мүлде жаңа тәсілі.
Хироки Инокути, суретші:
- Көрменің негізгі мақсаты – картинаны жай ғана тамашалау емес, оны шынайы сезіну. Біз көрерменге Хокусай пейзажының бөлшегіне айналып, сол заманның табиғатын түйсінуге мүмкіндік береміз.
Динамикалық композициялары арқылы кеңінен танылған Кацусика Хокусай жапондық сурет өнерін жаңа деңгейге жеткізген суретшілердің бірі. Оның әйгілі «Канагаваның асау толқыны» атты туындысы 1000 иендік жапон банкнотының артқы бетінде бейнеленген. Ал «Фудзи тауының көріністері» топтамасы бүкіл әлемге Жапонияның символы ретінде танымал.
Этем Сонмез, көрмеге келуші:
- Бұл туынды маған алғаш рет Синкансэн пойызынан Фудзи тауын көрген сәтімді есіме түсірді. Сол кездегі ерекше әсерді бүгін қайта бастан кештім.
TeamLab Planets интерактивті мұражайында ұйымдастырылған бұл экспозиция 1 маусымға дейін жалғасады. 2023 жылы бұл арт-кеңістік 2 жарым миллионнан астам келушіні қабылдап, адамдар ең көп тамашалаған жеке арт-музей ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Авторы: Динара Орынтай