Өзбекстан Қытай туристерін көптеп тартуды көздейді

Өзбекстан алдағы екі жылда Қытайдан 1 млн турист тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Ол үшін аптасына кем дегенде 100 әуе рейсін іске қосып, қытай тілін білетін гидтерді дайындамақ. Қазір осы бағдарлама бойынша туристерге жол сілтейтін 400 кәсіби маман оқып жатыр. Ташкентте өткен VIII халықаралық гидтер форумында Өзбекстанның туристік мүмкіндіктері айтылды.

 Өзбекстан турзимге атүсті қарамайды. Саланың салмағын, әкелетін пайдасын жақсы біледі. Мәселен, былтыр елге 8 млн-ға жуық шетелдік турист келген. Қазынаға түскен пайда да аз емес. Ендігі мақсат Қытай туристерін көптеп тарту болып отыр. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, кешенді жұмыстар жүргізілмек.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі:

- Қытай туристерін қабылдау үшін бізге тиісті инфрақұрылым қажет. Алдымен қытай тіліндегі хабарландырулар, кафелерде қытай тілінде ас мәзірі мен төлем жасау жүйесін олар түсінетіндей етіп жасау мақсаты тұр. Қосымша қызметтерді де осы бағытқа ыңғайластырып жатырмыз. Қытайлықтардың әлемдік бренд тауарларына қатты қызығатынын білеміз. Ол жағын да қарастыру маңызды. 

Гидтер форумы Өзбекстанда осымен 8-ші рет ұйымдастырылды. Елде бұл мамандыққа деген қызығушылық жоғары. Қазір ресми тіркелген 3500 кәсіби гид бар. Мемлекет жоғарғы оқу орындарына жыл сайын квота бөледі. Қазір гидтердің саны мен сапасын көтеру міндеті тұр. 

Азиз Абдухакимов, Өзбекстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі:

- Біз бұл мамандыққа ерекше мән береміз. Себебі гид біздің тарихи, мәдени мүмкіндіктерімізді көрсете алады. Гид деген актер іспетті. Егер актер театрда, спектакльде ойнаса, гид шетелдіктер алдында өнер көрсетеді. Ал оның декорациясы тарихи ескерткіштер болады.

Жақсы сөйлеп, тарихты білгеннің бәрі гид болмайды. Кем дегенде 6 айлық курсты оқу керек. Ол жерде міндетті түрде шет тілін үйрену шарт. Осының бәрінен өтіп, емтиханнан сүрінбесең, сертификат беріледі.   

Хуршит Разаков, гид:

- Қазақстаннан келетін туристер өте көп. Олар әсіресе Наурыз мейрамын осы жақта тойлайды. Себебін сұрағанымда көпкүндік демалысты пайдаланады екен. Жуырда жібек жолы пойызы іске қосылды. Ол да көрші елден келетіндердің қатарын арттыра түсті.    

Өзбекстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасында туризмнен түсетін табысты еселеу жоспары бар. Ол үшін шетелден келетін туристердің жылдық көрсеткішін 15 млн-нан асыру көзделіп отыр. 

Авторы: Дулат Нуркин