АҚШ-та контент-мейкерлерге салынатын салық мөлшері 37% дейін жетеді

Қытайда салық мөлшері диджитал кәсіпкердің табысына қарай өсіп отырады, деп хабарлайды 24kz.

Ол 45%-ке дейін жетуі мүмкін. Кімде-кім одан жалтарса, бірден жауапқа тартылады. АҚШ-та да бұл сала қатаң бақыланады.

Америкалық контент-мейкерлер интернеттегі жазбаның жай ғана хобби, қосымша табыс көзі немесе негізгі кәсіп болғанына қарамастан, салық төлеуге міндетті. Оны АҚШ-тың салық қызметі қатаң бақылайды. Инфлюенсерлер өзге кәсіпкерлер секілді серіктестік бағдарламалардан, жарнамадан, демеушілік келісімшарттар мен цифрлық тауарларды сатудан түскен табысын салық декларациясына енгізуі керек. Федералдық салық мөлшерлемесі табыстың көлеміне қарай өсіп отырады. Жеке тұлғаларға салынатын салық мөлшері 10 мен 37% аралығында.

Қытайда салықтан жалтарған блогерлерге айыппұл салынады

Қытайда да цифрлық контент жасаушыларға қатысты салық ережесі қатаң. Төлем мөлшері блогерлердің табысына қарай 3%-тен 45%-ке дейін жетуі мүмкін. Табысты жасыруға жол бермеу мақсатында жергілікті билік блогерлер мен стримерлердің кірісін жіті бақылап отырады. Қаржы аударымдарын көру үшін құзырлы органдар Big Data мен автоматтандырылған жүйелерді қолданады. Егер кімде-кім салық төлеуден жалтарса, бірден жауапқа тартылады. Мәселен 2021 жылы танымал стример Хуан Вэй салық төлемегені үшін $210 миллион айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Кейін оның аккаунттары бұғатталды.

Ресейде блогерлер жарнамадан түскен табыстан 13% салық төлейді

Көршілес Ресей де блогерлердің табысын бақылауды күшейтіп, заңға өзгерістер енгізді. Ол бойынша әлеуметтік желіде табыс табатын медиатұлғалар жеке кіріс салығын төлеуге міндетті. Стандартты салық мөлшерлемесі 13%. Жалпы Ресейдің Федералды салық қызметі инфлюенсерлердің табысты декларациялауын 2022 жылдан бастап бақылап келеді. Салықтан жалтару жағдайларын болдырмау мақсатында оларды анықтау әдістерін әзірлеп, жауапкершілікке тарту құралдарын енгізген.