Зеленский Трамппен келісімге келмей, Ақ үйден кетіп қалды | Live
Вашингтондағы Владимир Зеленский мен Дональд Трамп арасындағы келіссөздің соңы дауға ұласып, Украина Президенті келісімге қол қоймай, Ақ үйден кетіп қалды.
Трамп арнайы шақырған қонағын келісімге тез келмей «Үшінші дүниежүзілік соғыстың отымен ойнап отыр!» деп сөксе, Зеленский «АҚШ тарабы сыртқы ықпалдардың жетегінде кетті» деген уәж айтты. Солай бірнеше минут бойы саясаткерлер дауыс көтеріп, БАҚ өкілдерінің алдында сөзге келіп, Трамп күткен сирек минералдар бойынша келісім жасалмады.
Негізі жағдайдың ушыға түсетінін Зеленскийдің Ақ үйдің кіреберісіне келген сәтінен аңғаруға болады. Сол жерде Дональд Трамп Украина Президентін қарсы алып тұрып, жұрттың алдында оның соғыс жағдайындағы аса салтанатты емес киімін сөз етіп, мысқылдаған болды. Онысы келісімге әрең келіп отырған Зеленскийге ұнамағанын жүзіндегі салқын жымиыстан байқауға болады. Одан кейін екі ел басшысы ішке кіріп, журналистер алдында қысқаша мәлімдеме жасап, пайдалы қазбалар бойынша келісімнің маңыздылығына тоқталды. Дәл осы іс-шара негізінен өте жақсы басталып келе жатты. Зеленский мәселенің қиындығына қатысты фотодәйектерді көрсетіп, қауіпсіздік кепілдігі бар келісімнің аса қажет екенін тілге тиек етті. Трамп та әскерлердің қазасына алаңдаушылық танытып, соғыстан кейінгі қайта құру қадамдарын тезірек жасау керектігін сөз етті. Бір-біріне сөз кезегін беріп, иығынан қағып, бірін-бірі қостап отырды. Алайда 54-ші минутта журналистердің бірі Трампқа «осы келісім барысында «польшалықтар сізді Ресей Президентімен тым жақындасып кетті» деп ойлап жатыр, сіз соларға не дейсіз» деген сұрақ қойды.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Егер мен бір елдің сөзін көбірек сөйлеп кетсем, ымыраға келу мүмкін болмас еді. Мен Путин жайлы жағымсыз пікір айтып алып, оны қалай мәмілеге шақырамын? Мен Путиннің де, ешкімнің де сөзін сөйлеп жатқан жоқпын. Мен үшін АҚШ – бірінші орында. Мен әлемнің сөзін сөйлеймін. Зеленскийдің жек көру сезімін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Мен оны түсінемін. Бірақ жек көрумен келісімге келу мүмкін емес. Олар да Зеленскийді ұнатып тұрған жоқ. Мен бұл мәселені шешкім келеді. Еуропа үшін шешкім келеді. Менің қатал болғанымды қалайсыз ба? Мен қаһарлы бола аламын, болғанда қандай. Бірақ ол ымыраға келуге еш көмектеспейді.
Одан соң Джэйди Вэнс АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі Байденнің жіберген қателіктерінен сабақ алып, тараптарды сөзбен үркітпей, дипломатиялық жолмен мәселені шешуге көшкісі келетінін айтты. «Сол себепті бір жақты қатты қолдап кеткіміз келмейді», - деді. Артынша Зеленский Украина мен Қара теңізде болған 2014-2022 жылдар арасында Ресейді ешкім тоқтатпағанын әсіресе, АҚШ Президенттері тоқтатпағанын жеткізді. Кісі өлімі, тұтқын алмасу бойынша келісімнің бұзылуы секілді айыптарды алға тартып, Джэйди Вэнске «дипломатия бұл жерде жұмыс істемейді, қайдағы дипломатияны айтып тұрсыз», - деді. Артынша қос тарап журналистер алдында қырық пышақ болып сөзге келісіп, өздеріңіз желіде көрген видеодағы аса дипломатиялық емес диалогқа ерік берді.
Трамп Зеленскийді келіссөзге келуге дайын емес, дайын болған кезде қайта оралуына болады деп әлеуметтік желіде де, Флоридаға ұшып бара жатып та хабарлады. Зеленский әзірге тек әлеуметтік желіде баршаға рақметін айтып, АҚШ халқына, Президентіне, конгресс өкілдеріне алғысын білдірді. Еуропадағы билік өкілдері де Зеленский мен Украинаны әрқашан қолдайтынын жеткізіп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Польша, Франция, Испания, Германиядағы мемлекет басшылары қолдау танытты. Кремль тарабы да үнсіз қалмай, Украина Президенті қарсы пікірлерін білдіруден қалыс қалмады.