Еуропа көшбасшылары Украинаға көмекті жалғастыруға келісті

АҚШ-та Ақ үйде өткен қызу пікірталастан соң Украина президенті Лондонға келіп, Еуропа көшбасшыларының саммитіне қатысты. Мұнан соң Зеленский  король ІІІ Чарльзбен кездесті. Келіссөздер барысында қандай уағдаластыққа қол жеткізілді?

Ғалымжан Қараманұлы тілші:

- Ұлыбритания премьер-министрі самиттің басты мақсаты – “қақтығысты тоқтату жоспарын әзірлеу” екенін мәлімдеді. Кир Стармердің айтуынша, бұл жоспар алдымен АҚШ-пен талқыланып, содан кейін ғана “бірлесіп жүзеге асырылмақ”. Кездесуге қатысушылар төрт негізгі қадамды бекітті.

Біріншіден, қақтығыс аяқталғанға дейін Украинаға әскери қолдау көрсетіліп, Ресейге экономикалық қысым күшейе береді. Екіншіден, кез келген бейбіт келісім Украинаның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін

қамтамасыз етуі керек және келіссөздерге украиндардың өздері де қатысуы тиіс. Үшіншіден, егер бейбіт келісімге қол қойылса, Еуропа көшбасшылары Ресейдің Украинаға қайта шабуыл жасамауын қадағалайды. Соңғысы, Украинаны қорғау және елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында “еріктілер коалициясы” құрылады.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Бүгін біз тарихи таңдаудың алдында тұрмыз. Бос сөздің уақыты өтті. Қазір – әрекет ету, жауапкершілікті мойнымызға алып, әділетті және тұрақты бейбітшілікке бағытталған жаңа жоспар аясында күш біріктіру кезеңі.

Стармер бұл келісімге АҚШ-тың қолдауы қажет екенін еске салып, Трампты сенімсіз одақтас деп санамайтынын айтты. Ал Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуропаның жедел түрде қарулану қажеттігін және қорғаныс шығындарын арттыру керектігін мәлімдеді.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:

- Бәрімізге ортақ еуропалық тәсіл қажет. 6 наурызда Еуропалық кеңес жиналысы өтеді. Сол кезде мен Еуропаны қайта қаруландыруға арналған кешенді жоспарды ұсынамын.

Саммиттен кейін Зеленский Ұлыбритания королі Чарльз III-мен

кездесті. Журналистер тағы да оның киіміне назар аударды. АҚШ-қа сапарындағыдай  Украина басшысы  бұл жолы да  дәстүрлі классикалық костюмсіз келді.

Ғалымжан Қараманұлы тілші:

- Ұлыбритания тарапынан Украинаға құны бір млрд алты жүз млн фунт көлеміндегі экспорттық қаржы беріледі. Бұл ақшаға Киев бес мыңнан астам әуе шабуылына қарсы зымыран сатып алмақ. Сондай-ақ екі млрд үш жүз млн фунт көлеміндегі несие туралы келісімге де қол қойылады. Несие санкцияға алынған ресейлік мемлекеттік активтерден түскен пайда есебінен өтеледі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы