Трамп: Мен Зеленскийден хат алдым

АҚШ Президенті Дональд Трамп Конгреске жолдауын жариялады.

Бұл оның өз міндетіне кіріскелі жасаған алғашқы үндеуі. Дәстүрлі шарада Ақ үй басшысы президенттігінің алғашқы апталарындағы жұмысын қорытындылады. Ол Америкаға ағылған заңсыз мигранттардың саны рекордтық көрсеткішке дейін азайғанын мәлімдеді. Жаңадан құрылған "үкімет тиімділігі департаменті" жұмысының нәтижесінде миллиардтаған доллар үнемделгенін айтты. Сондай-ақ салықты азайтып, өнеркәсіптік өндірісті қалпына келтіруге уәде етті. Американдықтар үшін "алтын ғасыр" енді басталғанын жеткізді. Демократтар мұның өтірік екенін айтып, өз наразылығын білдірсе, партиялас республикашылдары зор қошемет танытты.  

Ақ үй басшысы халықаралық саясатқа да тоқталды. Келешекте Панама каналын қайтарып, Гренландияның АҚШ құрамына өтетінін мәлімдеді. Бұған дейін маңызды серіктестері Канада мен Мексика үшін тарифтерді көтеру бойынша ұстанымынан бас тартпайтынын кесіп айтты. Дональд Трамп Украинадағы ахуалды да қозғап, Владимир Зеленскийдің қарулы қақтығысты тоқтату үшін келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін жеткізді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен Украина Президенті Владимир Зеленскийден хат алдым. Ол келіссөздерге дайын екенін айтты. Зеленский бәрінен бұрын бітімді украиналықтардың қалайтынын жеткізді. Сондықтан менің жетекшілігіммен жұмыс істеуге дайынмын деді. Пайдандлы қазбалар және қауіпсіздік туралы келісімге біз үшін кез келген қолайлы уақытта қол қоюға әзір екенін айтты. Мен бұл хатты жоғары бағалаймын. Сонымен қоса Ресей тарабы да бізге бітімге дайын екенін білдіретін нақты белгілер берді.